Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір үй өртеніп кетті

/
Ақтөбеде пауэрбанк жарылып, бір үй өртеніп кетті
istockphoto.com

Пауэрбанктің жарылуы қатты өртке себеп болып, санаулы минуттардың ішінде үйді күлге айналдырды. Соның салдарынан үй иесі екі ұлымен және әкесімен бірге баспанасыз қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінде ер адам алты жылға жуық өз қолымен салған үйден тек күйіп кеткен қабырғалар ғана қалған. Іші – күйе басқан, есіктері қираған, ауада күйік иісі мүңкіп тұр. Өрт өткен сенбі күні болып, отбасының жалғыз баспанасын толықтай жойған.

Туыстарының айтуынша, бәрі балалардың бірінің бөлмесінен шыққан қатты жарылысқа ұқсас дыбыстан басталған.

«Қатты бір жарылғандай дыбыс естілді. Жүгіріп барсам, немерелерім ұлымның бөлмесінде құрылғыны тоққа қосып қойған екен, сол жерден лап етіп жанды! Жарылыс болып, түтін шыға бастады. Бірден шкаф жанып кетті. Дем алу мүмкін болмай қалды. Ештеңе көрінбеді. Мұндай өртті ешкімнің басына бермесін. Ондай құрылғыларды, әсіресе балаларға, мүлде қосуға тыйым салу керек», – дейді қала тұрғыны Құрман Майрумбаев.

«28 ақпан күні Ақтөбе қаласындағы “Арман” тұрғын алабында бір қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры жанды. Өрт 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толық сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ғажайыптың күшімен отбасының құжаттары ғана аман қалған. Оқиғадан кейін Майрумбаевтар уақытша туыстарының үйіне көшкен. Қазір олар баспана мәселесін шешуге тырысып, үйді қалпына келтірудің ұзақ процесіне дайындалып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары