1 наурызда бюджетке 2 979,0 млрд теңге салық түсті

/
1 наурызда бюджетке 2 979,0 млрд теңге салық түсті
istockphoto.com

2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджетке салық түсімдері жоспары 113,7%-ға орындалды, бюджетке 2 979,0 млрд теңге түсті. 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны 129,4%-ды құрады немесе 677,5 млрд теңгеге артық, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, оң динамика негізгі бюджетті қалыптастыратын салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша өсім қарқыны 116,9%-ды (+118,0 млрд теңге), қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша 138,8%-ды (+428,6 млрд теңге) құрады.

«Сонымен қатар, бұған дейін ақпараттық кеңістікте 2026 жылдың қаңтар айының деректеріне негізделген сараптамалық бағалар жарияланған болатын. Алайда мұндай қорытындылар бюджет кірістерінің нақты орындалу көрінісін көрсетпеді, себебі 2025 жылдың 4-тоқсаны үшін бірқатар негізгі төлемдердің төлеу мерзімі 2026 жылғы 25 ақпанға сәйкес келді», – делінген хабарламада.

Ведомствода ақпан айының қорытындысы бойынша түсімдердің елеулі бөлігі дәстүрлі түрде қалыптасатынын атап өтті. Нәтижесінде, мысалы, 1 наурыздағы жағдай бойынша ҚҚС жоспары 119,8%-ға орындалды: жоспарланған 1 281,0 млрд теңгенің орнына 1 534,5 млрд теңге түсті.

«Екі айдың қорытындысы бюджет кіріс бөлігінің орындалуын объективті түрде сипаттайды және кірістердің тұрақты өсіп отырғанын, сондай-ақ мерзімінен бұрын жағымсыз бағалаулар жасауға негіз жоқ екенін растайды. Нақты деректер салық түсімдерінің динамикасы оң болып қала беретінін және қазіргі макроэкономикалық жағдайларға сәйкес келетінін көрсетеді», – деп толықтырды салық ведомствосында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары