Асхат Аймағамбетов: Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған және солай бола береді

/
Асхат Аймағамбетов: Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған және солай бола береді
сурет: parlam.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтің жаңа Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан кей баптар туралы мәлімдеме жасап, түсініктеме берді. Оның айтуынша, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бері өңірлерді аралап, азаматтармен тікелей кездесулер өткізіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Коалиция мүшелері қысқа уақыт ішінде еліміздің 9 өңірінде болып, мыңдаған адаммен жүздескен. Аймағамбетовтің сөзінше, кездесулер барысында халықты алаңдатқан негізгі сұрақтар білім беру, денсаулық сақтау, сөз бостандығы және арнайы құқықтық режимдерге қатысты болған.

Кейінгі жеті жыл – ауқымды реформалар кезеңі

Депутат кейінгі жеті жыл ішінде елде бұрын-соңды болмаған іргелі өзгерістер жүзеге асқанын атап өтті. Президент бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті қабылданып, 2022 жылғы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңін айқындады.

Сонымен қатар, жаһандық геосаяси ахуалдың өзгеруі мен жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті етіп отырғанын айтты. Былтыр қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығы аталып өтті. Осы уақыт ішінде оған көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін ескерген заңгерлер жаңа редакцияны қолдап отырған көрінеді.

Бір мәселені ашық айтуымыз керек, тек соңғы 7 жылда еліміз отыз жылда ойға келмеген, іргелі және маңызды өзгерістерді бастан өткерді. Президенттің бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті, жүзеге асты. Оған қоса, 2022 жылы қабылданған конституциялық реформаның орны ерекше. Бірақ соңғы жылдар-дағы, елдегі ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы, мемлекеттің басты құжатын, қайта қарауды өзекті етті. Былтыр біз қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығын атап өттік. Отыз жылда оның қанша өзгертулер мен толықтыруларды бастан кешіргенін білетін көптеген заңгерлер Ата Заңның жаңадан қабылдануын қолдап отыр, –  деді ол.

Әлеуметтік кепілдіктер сақталады

Қоғамда білім беру мен денсаулық сақтау қызметтері ақылы болады деген пікірлердің таралуына қатысты депутат мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болып қала береді. Жаңа Конституция жобасында да бұл қағида нақты бекітілген. Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады.

Жобаға сәйкес, азаматтардың негізгі әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу құқығы толық сақталады. Білім мен медицина саласындағы кепілдіктер қысқартылмайды, керісінше заманауи талаптарға сай нақтыланады.

Сондай-ақ қолданыстағы Конституциядағы «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау ұсынылған. Аймағамбетов мұны дұрыс шешім деп бағалады. Себебі қазіргі таңда мемлекеттік грант иегерлері тек мемлекеттік емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да тегін білім ала алады. Бұл ретте ол КИМЭП, Мақсұт Нәрікбаев Университеті және «Тұран» университеті сияқты оқу орындарын мысалға келтірді.

Сөз бостандығы мен ар-намыс мәселесі

Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы нақты бекітілген. Депутаттың айтуынша, сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара-жігі айқын ажыратылған.

Лауазымды тұлғалардың қызметін сынауға мүмкіндік бар. Алайда ешкімді кемсітуге және қорлауға жол берілмейді. Адамның абыройы мен ар-намысын қорғау қағидасы халықаралық тәжірибеде де кең таралған. 

Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілген. Және де сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара жігі нақты ажыратылған. Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты жағымсыз пікір білдіруге болады. Біз де бұл жерде біршама лауазымды тұлғаларды қатты сынаймыз.  Ол дұрыс. Дегенімен, ешкімді кемсітуге, қорлауға болмайды. Әр адамның ар-намысын мемлекет қорғауы керек деген қағида – маңызды. Негізі, егер мұқият қарасақ адамның абыройы мен ар-намысын қорғау, зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салу, қолданыстағы заңнамада бұрыннан бар. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл, – деді депутат.

Арнайы құқықтық режим – экономикалық кепілдік

Қоғамдық ортада талқыланып жатқан тағы бір мәселе – арнайы құқықтық режим енгізу нормасы. Аймағамбетов бұл тетік елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмейтінін атап өтті.

Керісінше, арнайы режимдер конституциялық деңгейде бекітілсе, ірі инвестициялық жобалар үшін ұзақ мерзімді кепілдік қалыптасады. Бұл инвесторларға «ойын ережелері» алдағы 5–10 жылда өзгермейтініне сенім береді.

Бұл тұрғыда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы – мызғымас  әрі ең басты құндылық екенін біз қоғамдық ортада жалықпай айтуымыз керек.  Арнайы құқықтық режимдерді Конституция деңгейінде бекіту – елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған қадам. Мұнда мемлекеттің унитарлығы және де мемлекеттің  толық бақылауы сақталады. Біз тіпті қазір, ғылыми қалашықтар туралы арнайы заң жобасын қарап жатырмыз. Сол қалаларда да арнайы ортаны қалыптастыру, ғылымды дамыту бойынша жағдай жасау туралы ұсыныстарды бердік. Жалпы, бұл жүйе, инвесторларға заманауи жұмыс орындарын құру, қолайлы көлік желісін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды салу міндетін жүктейді. Яғни ол өз кезегінде, тиісті өңірлерде, халықтың өмір сапасының тікелей жақсаруына әкеледі. Арнайы режим – ірі жобалар үшін техникалық кепілдік. Алатау қаласы немесе Астана қаржы орталығы деңгейіндегі жобалар, ұзақ мерзімді және ауқымды инвестицияларды талап етеді. Ал қарапайым заңдар болса - бюджет тапшылығы немесе саяси конъюнктура өзгерген жағдайда оңай түзетілуі мүмкін. Ал конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер инвесторға «ойын ережелері» 5-10 жылдан кейін өзгермейтініне нақты сенім береді, деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат ғылыми қалашықтар туралы заң жобасы қаралып жатқанын да айтты. Мұндай бастамалар заманауи жұмыс орындарын ашуға, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді. Нәтижесінде өңірлердегі өмір сапасы жақсарады.

Айта кетейік, алдағы референдум қарсаңында коалиция мүшелері өңірлердегі кездесулерді жалғастырып, азаматтардың сауалдарына жауап беріп жатыр. Аймағамбетов Парламент мінберінен әріптестерін қоғамдық пікірге талдау жасап, халықты толғандырған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар