15 жастағы қыз 71 жастағы туысынан бала босанған: Сот үкім шығарды

/
15 жастағы қыз 71 жастағы туысынан бала босанған: Сот үкім шығарды
istockphoto.com

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық соты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс жабық сот отырысында қаралды. Соттың 2026 жылғы 24 ақпандағы үкімімен 71 жастағы ер адам «Кәмелетке толмағанды зорлау» және «Күш қолдану не оны қолданамын деп қорқыту арқылы немесе түнгі уақытта тұрғын үйге заңсыз кіру» баптары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сотталған адамға өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысуға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызмет түрлерін атқаруға тыйым салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сотта анықталғандай, айыпталушы мен жәбірленуші көрші тұрған. Ата-анасы үйде болмаған уақытта ер адам үйге заңсыз кіріп, қылмыс бірнеше күнге созылып, салдарынан қыз жүкті болып қалған.

Бұл жағдай туралы 2025 жылдың қазан айында белгілі болды. Оқиға қоғамда кең резонанс тудырды.

Бұған дейін Келес ауданында тұратын 15 жастағы қыздың босанғаны хабарланған еді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәліметінше, оқушы қыз қаңтар айында Астана қаласында босанған. Алайда анасы құқық қорғау органдарына бірнеше ай өткен соң ғана арызданған.

Полицияның түсіндіруінше, бастапқыда босанғаннан кейін жәбірленуші мен оның анасы қарым-қатынас өзара келісіммен болғанын айтып, арыз жазудан және сараптама жүргізуден бас тартқан. Материалдар номенклатуралық іске тіркелген. Кейінірек анасы 71 жастағы туысына қатысты арызбен қайта жүгінген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары