«Өзі тамақтандыруға келіп тұрады»: Тараздық зейнеткер 16 мысыққа бір бөлмелі пәтерін «берген»

/
«Өзі тамақтандыруға келіп тұрады»: Тараздық зейнеткер 16 мысыққа бір бөлмелі пәтерін «берген»
istockphoto.com

Тараз қаласында 16 мысыққа пәтерін берген зейнеткерге қатысты дау шықты.  Зейнеткер әйел пәтерін толықтай жануарларға берген. Өзі олармен бірге тұрмайды, тек келіп тамақтандырып кетеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, зейнеткер Ирина Андрееваның үстінен көршілері бір жылдан астам уақыт бойы түрлі мекемелерге шағымданып келеді. Олардың айтуынша, подъезде антисанитариялық жағдай қалыптасқан, жағымсыз иіс бірнеше қабатқа дейін тарайды. Көршілер полиция шақырып, шенеуніктерге жүгінген, жануарларды қорғау ұйымдарынан көмек сұраған. Алайда жағдай өзгермеген.

Мысықтарды жақсы көретін әйел мен көршілер арасындағы дау сотқа дейін жеткен. Тұрғындар жануарларды үйден шығаруды талап еткен. Алайда сот зейнеткердің пайдасына шешім шығарды.

Әйелдің өзі анасы екеуі жақын маңдағы басқа пәтерде тұрады. Ол өзі тамақтан тарықса да, жануарлар тоқ екенін айтады. Сондай-ақ 2017 жылы көшеге тасталған марғауларды үйіне әкеліп паналатқанын, кейін олардың тез көбейіп кеткенін мойындайды. Енді қайтадан далаға тастауға қимайтынын жеткізді.

Белгілі болғандай, полиция да, шенеуніктер де, тіпті сот та зейнеткерді көпқабатты үйден мысықтарды көшіруге мәжбүрлей алмай отыр. Себебі Таразда үй жануарларын ұстау санына қатысты нақты норма жоқ. Дегенмен, бірнеше комиссиядан кейін шенеуніктер бұл мәселені көтеруге ниетті.

«Көпқабатты үйлерде үй жануарларын, атап айтқанда мысықтар мен иттерді ұстау мәселесі ушығып барады. Көршілерден шағымдар түсуде. Бұл тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже жоқ. Себебі заңнамада бұл мәселе нақты жазылмаған. Бұл проблеманы мәслихат алдында көтеретін боламыз», – деді Әулиеата ауданы әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов.

Зейнеткерге қазір тағы да айыппұл салынуы мүмкін. Бұған дейін жануарларға екпе салдырмағаны үшін 85 мың теңге айыппұл төлеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар