Аида Балаева Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейіндегі «Алтын Орда» жаңа көрме залымен танысты. Экспозиция қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған тарихи маңызды кезеңдердің біріне арналған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экскурсия барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі музей экспозицияларын ұйымдастырудағы терең әрі ғылымға негізделген тәсілдерді атап өтіп, Алтын Орда мұрасын келер ұрпаққа кеңінен насихаттаудың мән-маңызына тоқталды.
Жаңа зал ашудағы басты мақсат – көпшілікті XIII–XIV ғасырлардағы Алтын Орданың тарихымен, мәдениетімен таныстыру, оның қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретіндегі рөлін көрсету және қоғамның тарихи санасын қалыптастыру.

Көрмеде музей қорынан алынған 200-ге жуық жәдігер ұсынылған. Қалалық мәдениет бөліміне тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, Алматы облысы Шеңгелді ауылы маңынан табылған Шағатай әулеті ақсүйектерінің салтанатты киіміндегі жібек маталардың қиындысы қойылған. Әскери өнер бөлімінде қару-жарақ элементтері көрсетілген. Мемлекеттік құрылымға арналған бөлімде Алтын Орданың басқару жүйесі, билеушілер генеалогиясы және Қазақ хандығымен тарихи байланысы баяндалады.
