Монтансып, момақансып, теңге ұсынып...

Монтансып, момақансып, теңге ұсынып...

Монтансып, момақансып, теңге ұсынып...
ашық дереккөзі
«Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген қазақтың сөзі бүгінгі парақорларға бағытталып айтылғандай. Пара алуға құмарларды тезге салуға ел болып тырысқанымызбен, нәтижесінің көңіл көншітер түрі байқалмайды. Тіпті, түйткілді уақыт оздырмай шешуді сылтау етіп, пара беруді әдетке айналдырғандар да азаяр емес. Үнемі пара алған жемқорларды айыптап, солардың қылмысын әшкере қылуға әбден етіміз үйренгенімен, пара беруге әзір тұратындарды есімізден шығарып ала береміз. Шын мәнінде, елімізде пара берушілер болмаса, алушылар да болмас еді. Жұрттың бәрі бар шаруасын парамен шешеді деуден аулақпыз, әрине. Бірақ пара беру мен алудың қоғам індетіне айналып бара жатқанын жасыруға болмайды. Құзырлы азаматтар арасында пара алмайтындарының, ал қарапайым халық арасында пара бермейтіндерінің қатары азайып бара ма, қалай?! Өкінішті-ақ. Тіпті, олардың кейбірі қылмыс үстінде ұсталса да, пара беріп, істі әп-сәтте жауып тастайтынын талай мәрте құлағымыз шалған.

Пара беру де – қылмыс

Заң жүзінде пара беру де, алу да қылмыс екенін жұрттың бәрі біледі. Соны біле тұра пара беруден тайсалмайтындар жетерлік. Лауазымды тұлғаларды пара алуға дәніктірген де осы пара берушілер. Бұл ойымызбен біреу келісер, біреу келіспес. Дегенмен, жақыны перзентханадан немесе ауруханадан шығар кезде дәрігерге «жақсы қарағаныңыз үшін рахмет» деп сый (көбінесе ақшалай) беруге дайын тұратындар көп. Баласы оқуға түссе, оқу орнының басшысына не болмаса қарамағындағыларға «соғымын» сүйреп баратын ата-аналар да жоқ емес. Қызметке орналасар кезде бастығын разы қылуға тырысатындар қаншама. Міне, парақорлық деген індет осындай «сыпайылықтан» басталары балаға да белгілі. Мұндай азаматтардың қатарында пара бергені үшін жаза алғандары да, қайта пара беріп жазадан құтылғандары да табылады. Осыдан бірнеше ай бұрын Ақмола облысында Мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының орынбасарына пара берген компьютерлік фирманың директоры сотталды. Әуелі Мемлекеттік кіріс департаменті «Мультисофт Еуразия Көкшетау» ЖШС-ні тексеру барысында бекітілген қаржылық айналымның рұқсат етілген көлемнен артқанын анықтаған. Осыған байланысты серіктестікке ҚҚС төлеуші ретінде есепке тұру туралы ескерту жіберілген. Фирма иесі Көкшетау мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының  орынбасарына жүгінген. Лауазымды тұлға мәселені оң шешу үшін  калькуляторда  300 мың теңгені терген. Келесі күні фирма директоры ақшаны әкеліп, күнделіктің арасына салған. Кейіннен оларды Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы тұру ұлттық бюросының қызметкерлері ұстады.  «Мультисофт Еуразия Көкшетау» ЖШС директорына ауыр жемқорлық  сипатындағы қылмыс жасады деген айып тағылды. Көкшетау қалалық соты оны пара беруде кінәлі деп тапты. Сотталушыға 4 миллион 500 мың теңге  көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қостанай гарнизонының әскери сотында Қарулы Күштер Қылмыстық кодексінің 367-бабының 1-бөлігімен (лауазымды тұлғаға пара беру) көзделген қылмысты жасағаны үшін ҚР Ұлттық Ұланы Әскери институтының әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Сотталушы азамат лауазымды тұлға бола тұра, Петропавл қаласындағы Әскери институтының оқу корпусында полковникке курсанттарға дене шынықтыру жөніндегі емтиханды тапсыруға жәрдем ету үшін 20 000 теңге көлемінде пара беріп, сол күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне ұсталған.  Соттың үкімімен ол айыпталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп  танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселігі көлемінде (400 000 теңге) айыппұл жазасы тағайындалды. Ал наурыз айында  Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов аудандық сотында Луговой стансасының желілік полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің  бастығына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Сотталушы делдал арқылы лауазымды тұлғаға елеулі мөлшерде пара беріп,  қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiріп, айдап салумен бөтеннің мүлкін алдап алу және сенімге қиянат жасаған. Бұл қазіргі күнгі деректердің бірнешеуі ғана. Елімізде күн сайын мұндай парақорлық әрекеттердің қаншауы жүзеге асып жатқанын ешкім нақты айта алмас. Одан бөлек қылмысы әшкереленбей, пара беріп, пара алуды тып-тыныш жалғастырып жүргендер легі қаншама.

Пара беру қағазбастылықтан басталады

Парақорлықпен күресу мақсатында елімізде қолға алынған шаралар қатары аз емес. Десек те, мұның бәрі жемқорлықты түбімен жоюға көмектесер түрі көрінбейді. Бүгінгі күні қай салада болмасын парақорлық дерті көрініс табады. Деректерге жүгінсек, Қазақстанда бармақ басты, көз қысты әрекеттер ауыл шаруашылығы саласында ең көп кездеседі екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары жемқорлық фактілері көп тіркелген аймақтар тізіміне енді. Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың айтуынша, соңғы бес жылда салаға бөлінетін субсидиялар көлемі 89 миллиард теңгеден 257 миллиардқа дейін өскен. Десек те, ауыл шаруашылығы өндірушілерін несиелендіру мақсатында ашылған қаржы институттары қарызды рәсімдеудің қағаз түрінен электрондық үлгісіне көше алмай жатқандықтан, жемқорлық фактілері жиі орын алып келеді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 28 қылмыстық іс қозғалды. Ал өткен жылдың алғашқы тоқсанында 24 іс болған. Яғни, мемлекеттік қолдау ұлғайған сайын қазынаға көз қырын салғандар саны да арта түсуде. Қағазбастылық мәселесі жағдайды одан ары ушықтыра түсетіні тағы бар.  Мәселен, шаруалар несие алу үшін қаржы институттарына соңғы үш жылда еккен-тергені жөнінде есеп берулері тиіс екен. Қағаз толтыру, құжаттар жинақтау секілді жұмыстар өте көп. Пара беру, пара алудың бәрі осыдан басталады. Іс бастау үшін, еңбегін жалғастыру үшін несие алуға тырысқан азамат таусылмайтын қағаз жұмысымен арпалысып-ақ шаршайды. Әр барған сайын кемінде бір құжаттың толтырылуы қажет болса, жұмыстың ары қарай жалғасуы мүмкін емес. Қағаз толтырудан қажыған жандар не істеуі мүмкін? Әрине, шаруасын жылдамдату үшін әлгі құжат қабылдайтындарға «сый-сияпатын» бергенді құп көреді. Мұндай сәтте қарапайым шаруа пара беріп, қылмыс жасағанын емес, бастаған ісінің жылдам аяқталуын ғана ойлайды. Ал бүгінде қағазбастылық мәселесі барлық салаға бірдей тән екендігін ескерсек, еліміздегі пара берушілердің, алушылардың әзір азаймайтынын аңғару қиын бола қоймас. Жалпы, жемқорлықтың жолына тосқауыл қою үшін бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз қажет. Онсыз парақорлықтың түбін балтамен шабу мүмкін емес. Ал жемқорлыққа қарсы күресті әрбір азамат өзінен бастағаны абзал. Қандай жағдай болса да, алдымыздан шыққан, шаруамызды тежеген мәселені пара беру арқылы шешпеуге дағдыланғанымыз жөн. Ең бастысы, пара сұрағандар, пара беруге итермелегендер, пара беруге ниеттенгендер туралы тиісті органға сол сәтте хабарлауды қолға алу қажет. Мұндай жағдайға тап болған немесе парақорлық әрекетін көзімен көрген жан өзінің азаматтық борышын орындап, пара берушінің де, алушының да жаза арқалауына көмегін жалақорлық деп емес, мемлекетшілдік әрекет деп қабылдауға үйренуге тиіспіз. Көбіне азаматтар бейқамдыққа салынып, парақорлық әрекеттерге көз жұма қарайды. Кейбірі «Аллаға тапсырдым», «өз күнәсін өзі арқаласын» деп, көзімен көргенін есіне шығаруға тырысады. Парақорлықпен күресеміз десек, біз ең алдымен осындай пайымнан арылуымыз қажет. Егер әрбіріміз «бүгінгі күні бәрі жемқор, бірі кетсе, орнына екіншісі келеді.  Менің бір әрекетімнен пара берушілер мен алушылар жойылмайды. Жемқорлықты жою мүмкін емес» деп қол қусырып қарап тұра беретін болсақ, қоғамның бұл індетінен ешқашан арыла алмаймыз. Жемқорлықты түбегейлі жойып жібере алмайтыныз ақиқат. Алайда қоғам болып қарсы тұру арқылы парақорлардың қатарын азайтуға өз септігімізді тигізе аламыз.

Пара беру әдетінен арылту қолдан келе ме?

Кез келген жанның алдыға қарай ұмтылуы заңдылық. Кішілер үлкенге қарап бой түзесе, шәкірт ұстазынан бір нәрсе үйренуге тырысады. Ал қанаты қатайып үлгермеген елдер дамыған мемлекеттердің деңгейіне көтерілуді көздейді. Бұл – қалыптасқан жағдай. Қазақстандықтардың да Еуропа елдеріне қызыға көз тігіп, өзге халықтардың тұрмысына таңдана қарайтыны жасырын емес. Бірақ біз бір нәрсені ескере бермейміз. Еліміз әлемдегі дамыған елдермен терезесін теңестіріп үлгерді, бұған Қазақстанның жер асты байлығы мүмкіндік беріп отырғаны да шындық. Алайда біздің елде жемқорлардың құлқынына құйылған байлықты арашалау мүмкін болмай отыр. Бүкіл қоғам жемқорлардың ел байлығын  еш кедергісіз жұта беруіне кедергі келтірудің бір ретін тауып, жемқорлықпен жұмыла күресуі керек. Парақорлық – сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті көріністерінің бірі. Қатаң қылмыстық жауапкершілікке пара алатын шенеуніктермен қатар пара беретін тұлғалар да тартылады. Пара бергені үшін қылмыстық заңнамамен ең ауыр жаза ретінде мүлкін тәркілеумен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Пара берген адам, егер оған қатысты қорқытып пара алу орын алған болса немесе ол адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бірақ мұны есте сақтайтындар аз. Пара бергенін мойындамақ түгілі, біреудің қылмыстық әрекетін тиісті органдарға хабарлауға құлықсыз адамдар елімізде қарақұрым. Қалай десек те, елімізде пара берушілермен де, алушылармен де күрес жүргізу мықтап қолға алына бастады. Қаржы полициясының да парақорлықпен, оның ішінде пара берумен күресті күшейткеніне біраз жылдың жүзі болды. Мәселен, Жемқорлыққа қарсы агенттік азаматтарды пара беру әдетінен арылтудың жаңа жолын тапты. Ол үшін коммуналдық  төлеммен   бірге «пара алма, пара берме» деп жазылған буклеттер таратуды қолға алып отыр. Қазір Алматы қаласындағы барлық қоғамдық көліктерде жұртшылыққа пара берудің қылмыс екендігін түсіндіретін арнайы парақшалар ілінген. Әрине, бұл шаралар пара берушілерді түп-тамырымен жоймаса да, жұрттың санасына сәуле түсіруге ықпал етері сөзсіз. Пара берудің мемлекеттік қызметке, биліктегілердің шынайы жұмыс жасауына, азаматтардың құқықтарын бұзуға әсер ететінін естен шығаруға болмайды. Пара беру де, алу да  үлкен қылмыс ретінде саналатын қоғамдық сана қашан қалыптасар екен Қазақстанда?!