Ақтаулық дәрігерлер тыныс жолына бөгде зат тұрып қалған баланы құтқарды

/
Ақтаулық дәрігерлер тыныс жолына бөгде зат тұрып қалған баланы құтқарды

Ақтауда дәрігерлер тыныс жолына бөгде зат тұрып қалған бір жастағы баланы аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Сәбидің тыныс жолына шемішкенің дәні тұрып қалған. Операцияның мән-жайын эндоскопист Роллан Елеусинов басылымына айтып беріп, балалардың өңеші мен тыныс жолдарынан жиі алынатын заттарды атады.

Дәрігердің айтуынша, 9 ақпанда ауруханаға бір жастағы бала сырылдап тыныстау белгілерімен түскен. Анасының сөзінше, сәби шемішке жұтып қойған. Рентген түсірілімінде бөгде зат көрінбегендіктен, бала бронхоскопияға дайындалған.

Процедура барысында эндоскопистер Роллан Елеусинов пен Нұржігіт Жансұлтан шемішкені бірден анықтап, оны бронхтан сәтті алып шыққан.

Қазіргі уақытта баланың жағдайы айтарлықтай жақсарған, сырылы толық басылған. Дәрігердің сөзінше, бұл – анестезиологтар, терапевтер, хирургтер және эндоскопистердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Үйлесімді әрекет балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Роллан Елеусиновтың айтуынша, ай сайын орта есеппен 100-ге дейін бала ауруханаға бөгде зат жұтып түседi. Егер зат өкпеге немесе өңешке түссе, дәрігерлер оны сол жерде дереу алып тастайды.

Көбіне балалардың жұтып қоятын заттары – тиындар, батарейкалар және магниттер. Әсіресе магниттер өте қауіпті. Олар аш ішекке немесе асқазанға түсіп, ішектің тесілуіне (перфорацияға) әкелуі мүмкін. Бақытымызға қарай, әзірге асқыну жағдайлары болмаған, барлық магниттер сәтті алынған.

«Бізде тәжірибе мол. Құрал-жабдықтарды көптеп сатып аламыз. Дубай, Корея, Қытайдағы конференцияларға барғанда да өз қаражатымызға құралдар алып, кәсіби деңгейімізді жетілдіреміз. Қазақстан бойынша бөгде заттарды алу операциялары жөнінен алдыңғы қатардамыз», – деді Роллан Елеусинов.

Дәрігер ата-аналарға бірнеше кеңес берді. Бөгде зат түскенінің алғашқы белгілері – жөтел, сырыл, сілекейдің көп бөлінуі. Егер балаға тыныс алу қиындап, сырыл пайда болса, оны дереу балалар ауруханасына жеткізу қажет, – деп атап өтті маман.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары