Шымкент қалалық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді. Сәбилер мен анасы бүгін орталық мамандарының бақылауымен үйіне шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
30 қаңтар күні Сүлейменова Ақшолпан дәрігерлердің көмегімен үшемді аман-есен өмірге әкелді.
Жаңа туған нәрестелерге ата-анасы Дәулет, Димаш және Дина есімдерін берген. Үшемнің салмақтары әрқайсысы екі келіден асты. Екінші және үшінші нәрестелер туғаннан кейін бірден реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылып, жағдайлары тұрақтанған соң бір тәуліктен кейін негізгі бөлімшеге ауыстырылды.
Барлық үш нәресте орталық мамандарының бақылауында 11 тәулік болып, қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық медициналық көмек алды. Шығарылу кезінде олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне жіберілді.
Шымкент қалалық перинаталдық орталығы жаңа туған сәбилерге жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді тұрақты түрде қамтамасыз етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте екі үшем өмірге келгені туралы хабарлаған болатынбыз.