Жаңа Ата Заңды «халықтық Конституция» деп айтуға толық негіз бар – Ерлан Қарин

/
Жаңа Ата Заңды «халықтық Конституция» деп айтуға толық негіз бар – Ерлан Қарин
Конституциялық сот

Жаңа Конституция жобасы алты айлық қоғамдық талқылаудан өтіп, азаматтардың 10 мыңға жуық ұсынысы негізінде жетілдірілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның он екінші отырысында мәлімдеп, құжаттың ашықтық қағидаты аясында әзірленгенін және оны «халықтық Конституция» деуге толық негіз бар екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жарты жыл бойы қоғамдық талқылау негізінде дайындалған жаңа Конституция мәтіні екі апта бұрын ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында жарияланды. Жоба жұртшылық назарына ұсынылған күннен бастап, қоғамда жан-жақты және қызу талқыланды. Осы аралықта азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл – жаңа мәтін бойынша жан-жақты талқылау өткенін, қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенді болғанын көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін де келіп түскен ұсыныстар негізінде тағы қосымша нормалар, басқа да редакциялық-стилистикалық өзгерістер енгізілді. Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге Комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап я түсініктеме беріліп отырды. Осылайша Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірі мүмкіндігінше ескерілді. Яғни, келіп түскен барлық жүйелі ұсыныс Конституция мәтінінде көрініс тапты.

Сондықтан әр өңірден, түрлі саладан жиналған 130 адамнан тұратын Комиссияның ашықтығы негізінде, мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген жаңа Конституция жобасын халықтық Конституция деп айтуға толық негіз бар. Осылайша, біз мемлекет пен қоғам тұтастығының, бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік. Болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданып жатса, бұл тек құқықтық құжат емес, жалпыұлттық идея мен құндылықтар тұрғысынан қоғамдық бірліктің іргетасына айналарына сенім білдіргім келеді. Жаңа Конституция мемлекеттік елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылды. Бұл – жаңа Конституцияның бірден-бір ерекшелігі мен артықшылығы. Бұған дейін де айттым: Жаңа Конституция о бастан қазақ тілінде әзірленді. Терминологиялық жұмысты заңгерлер мен лингвист мамандар бірлесіп, жүргізді. Екіұшты мәселелер туындаған жағдайда Ата Заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні бірінші орында негізге алынды.

Конституция нормаларының мәні нақытыланып, әртүрлі шешмдерге негіз болатын кемшіліктер жойылды. Бұл – көзге көрінбейтін бірақ өте маңызды әрі күрделі жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Осындай жұмыстың нәтижесінде жаңа Ата Заңның мәтін оқуға жеңіл әрі түсінуге оңай, құқытық тұрғыдан нақты құжатқа айналды», - деді Мемлекеттік кеңесші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары