Бүгін Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кететінін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Құзырлы мекемелер биыл кейбір аймақта алдымен су тасқыны, содан соң құрғақшылық болатынын айтуда.
Үкімет қазірдің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп қоюы керек.Тағы да айтарым, табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді.
Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады. Мәселе – сонда. Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғауға қажетті шаралар алдын ала қабылдануы қажет.
Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай, қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек.
Көктем де келіп қалды. Үкімет әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асыруға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.