Тараздық әйел екі баласын 5-қабаттың терезесінен лақтырып жіберген

/
Тараздық әйел екі баласын 5-қабаттың терезесінен лақтырып жіберген
istockphoto.com

Жамбыл облысында екі жасқа толмаған баланы өлтіруге оқталу дерегі бойынша резонансты іс тергеліп жатыр. Анасы оларды бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген, деп хабарлайды turkystan.kz.

HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға Төле би даңғылы бойындағы жатақханалардың бірінде болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, 36 жастағы әйел өз үйінде бола тұра, 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын терезеден әдейі лақтырып жіберген.

Екі бала да аман қалып, жедел түрде Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардан көпжарақат (политравма) анықтаған. Қазір балалар жансақтау бөлімінде жатыр.

Анықталғандай, оқиғаға дейін көп ұзамай әйел мен оның жұбайы арасында жанжал шыққан. Жанжалдан кейін ер адам үйден шығып кеткен. Соңғы жылдары әйел қатты бас ауруларынан зардап шеккені белгілі болды.

Жанжалдан кейін әйел қатты эмоционалдық күйзеліс жағдайында алдымен қызын, кейін ұлын терезеден лақтырып жіберген. Кейін өзі де секірмек болған, алайда соңғы сәтте тоқтаған.

Екі жасқа толмаған баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ күдіктінің жұбайы бұрын психиатриялық есепте тұрғаны туралы ақпарат бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары