Алматы облысы Іле ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында әрқайсысы 72 пәтерден тұратын екі жаңа көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Өтеген батыр ауылында орналасқан бұл тұрғын үйлер әлеуметтік жағдайы осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов, «AMANAT» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Сәтібаев, сондай-ақ жаңа қоныс иелері қатысты.

Аудан әкімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтіп, бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Бүгінде Іле ауданында 5 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағдайы осал санаттағы азаматтар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері бар. Біз бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Былтыр әлеуметтік жағдайы осал санаттағы азаматтарға арналған 269 үй мен пәтер сатып алынды. Ал биыл Өтеген батыр ауылында жаңа үйлерден 144 пәтер беру, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы осал азаматтар үшін қосымша 36 пәтер сатып алу жоспарлануда», – деді Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов.
Бағдарлама аясында тұрғын үй бөлу кезінде әлеуметтік жағдайы осал топтарға басымдық берілді. Жаңа баспана жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, бюджет саласының қызметкерлері мен ардагерлерге табысталды.
«AMANAT» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Сәтібаев аталған жобаның әлеуметтік маңызына тоқталды.
«Баспана – әр отбасы үшін ең негізгі қажеттілік. Бүгін біз жылдар бойы кезекте тұрған 60 азаматтың қуанышына куә болып отырмыз. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй мәселесін шешу нақты әрі басым міндет ретінде айқындалды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.
Жаңа қоныс иелерінің бірі Сәрсенгүл Әбдікәрімқызы бұл – өз отбасы үшін ерекше күн екенін атап өтті.
«Мен көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде 15 жыл тұрдым. Осы уақыт аралығында кезегімді сабырмен күттім, бүгін өз пәтеріме қол жеткіздім. Бес балам бар, сондықтан бізге үш бөлмелі пәтер берілді. Үй сапасы көңілімізден шықты. Бұл – отбасымыз үшін үлкен қуаныш», – деді ол.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында былтыр Алматы облысында 28 тұрғын үй салынды. Нәтижесінде 1 522 пәтер пайдалануға берілді.