Арқалықта тұрғын үйде жарылыс болып, бір адам қаза тапты

/
Арқалықта тұрғын үйде жарылыс болып, бір адам қаза тапты

Арқалықта газ баллонының жарылуынан ер адам қаза тапты. Екінші зардап шеккен әйел ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Tobol.info-ға сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үйлердің бірінде өртсіз жарылыс болған. Алайда соққы толқыны салдарынан ғимарат қатты зақымданып, үйдің шатыры қирап, бірнеше пәтердің қабырғалары бүлінген.

Жарылыс фактісін Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады.

«29 қаңтарға қараған түні 101 пультіне Арқалық қаласының Солтүстік кентінде орналасқан төрт пәтерлі жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны туралы хабарлама түсті. Өрт болмаған. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері жетіп, жарылыс салдарынан үйдің шатыры опырылғанын анықтады және дереу үйінділерді аршуға кірісті. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда», – деп хабарлады ведомствода.

ТЖМ бөлімшелері келгенге дейін оқиға орнынан күйік жарақатымен 1979 жылы туған ер адам мен 1984 жылы туған әйел медициналық мекемеге жеткізілді.

3 ақпан күні таңертең Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы ер адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

«1979 жылы туған ер адам медицина қызметкерлері көрсеткен барлық көмекке қарамастан қайтыс болды. 1984 жылы туған әйел санитарлық авиация арқылы Қостанай облыстық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Қарқынды терапия жүргізілуде, ол тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында», – деп нақтылады ведомство.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары