Елнұр Бейсенбаев: Жаңа Конституция жобасын қоғам талқысына салу – азаматтарға көрсетілген жоғары сенім

/
Елнұр Бейсенбаев: Жаңа Конституция жобасын қоғам талқысына салу – азаматтарға көрсетілген жоғары сенім
Конституциялық сот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының Төрағасы Елнұр Бейсенбаев Конституциялық комиссияның жетінші отырысында қоғамның Конституциядан күтетін негізгі құқығы мен маңызды принципіне кеңінен тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«АМАNАТ» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде конституциялық реформаны іске асыруға белсенді атсалысып келеді.

Жаңа Конституция жобасы жарияланған күні-ақ біздің Фракция арнайы отырыс өткізді. Жиында Әділет министрі мен Конституциялық реформа комиссия мүшелерінің түсіндірмесін тыңдап, маңызды құжатты жан-жақты талқыладық.

Айта кету керек, 130 комиссия мүшесінің 21-і Мәжіліс депутаты.

Біз жаңа Конституция жобасын жан-жақты саралап, әр нормасын жеке-жеке зерделеп, оның ел болашағы үшін маңызы мен мәнін жете таразылап, саналы түрде қолдадық. Өйткені бұл реформа қоғамның әділеттілікке, тәртіпке және тұрақтылыққа деген сұранысынан туындап отыр.

Басты мәселе – өткен кемшіліктерге жол бермеу. Біз қос биліктің қайталанғанын қалаймыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан 2-баптың 1-тармағында жаңа Конституцияның басты қағидасы былайша нақты жазылған: Қазақстан Президенттік республика болып қала береді және Мемлекет басшысы биліктің барлық тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді. Ел Президенті мемлекет пен елдің болашағы үшін, қабылданған шешімдер үшін басты жауапкершілік алады. Бұл артықшылық емес, бұл – ең жоғары жауапкершілік.

Сонымен қатар, жобада 43-баптың 1-тармағында Президент жеті жылдық мерзімге бір рет сайланатыны көрсетілген. Бұл – биліктің монополиялануына жол бермейтін айқын норма.

Ал 43-баптың 5-тармағында: «осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді» деп нақты көрсетілген», - дейді депутат.

Сонымен қатар ол тағы бір маңызды норманы атап өтті – 45-баптың 3-тармағында көрсетілген: Президенттің жақын туыстары саяси немесе басқару лауазымдарын атқара алмайды.

Депутат өз сөзінде қоғамның Конституциядан күтетін негізгі құқығы мен маңызды принципіне кеңінен тоқталды.

«Біріншіден, жоба жоғарыда айтқандай, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына, Қазақ хандығы дәуірінен бері қалыптасқан мемлекеттілікке құрметпен қарайды. Бұл маңызды.

Біз жаңа мемлекеттілікті құрып жатқан жоқпыз, бұрыннан барды нығайтып жатырмыз. Преамбулада алғаш рет «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаты көрсетілген. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» идеясы бекітілген.

Екіншіден, 5-бап, 5-тармақта нақты кепілдіктер берілген. Енді азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жаңа міндеттер енгізетін заңдар кері күшке ие болмайды. Бұл қабылданған шешімдердің өзгермейтінін және «Заң және тәртіп» принципінің тұрақтылығын растайды.

Үшіншіден, 6-баптың 5-тармағында коммерциялық емес ұйымдардың қаржысы ашық болады. Шетелдік қаржы көзінен алынған қаражат туралы ақпаратты жария ету міндеттеледі.

Саяси партияларды шетелден қаржыландыруға салынған тыйым сақталады. Ол 6-баптың 4-тармағында көзделген.

Төртіншіден, 21-бапта Конституция алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қорғайды. Бұл персоналды деректер мен электронды хат алмасуды қамтиды.

Бесіншіден, 30-бапта неке ер мен әйелдің өз еркімен жасайтын, тең құқықты одағы деп нақты көрсетілген. Бұл кездейсоқ немесе идеологиялық қадам емес. Қоғам мен мемлекеттің негізі ретінде дәстүрлі отбасын қорғау жөніндегі азаматтар сұранысына тікелей жауап.

Алтыншыдан, 23-баптың 2-тармағында ғылым, білім, мәдениет және зияткерлік меншікті қорғау заңмен қамтамасыз етілгені алғаш рет нақты көрсетілді», - дейді Е.Бейсенбаев.

Ол негізінде, ел азаматтары жаңа Конституцияның 98 пайызын қолдайтынын баса айтты.

«Қазақстандағы Конституциялық реформа кеше ғана басталған жоқ. 2022 жылдан бері реформалар легімен, заң шеңберінде жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасы алғаш рет жарияланып, қоғам талқылауына шығарылды. Бұл – формальды емес, мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілген жоғары сенім. «АМАNАТ» партиясы барша азаматты ел мүддесі мен болашағы үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Біз жеке адамдарға емес, мықты әрі орнықты институттарға сүйенетін мемлекетті құруымыз қажет», - дейді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары