Қазақстанда 5G дамуы жаңа кезеңге өтуде: енді мәселе тек ең жоғары жылдамдықта емес. Трафик ұлғайған сайын желінің сыйымдылығы мен байланыстың тұрақтылығы маңыздырақ бола бастады. Қазақстандық жетекші ұялы байланыс операторы Kcell 2026 жылдың басына қарай 2586 дана 5G базалық станциясын іске қосты. Бұл лицензиялық міндеттемеде көрсетілген деңгейден (1959) шамамен 30 пайызға көп.

Компанияның дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5G Kcell желісіндегі деректерді беру көлемінің үштен біріне жуығын қамтамасыз еткен. Бұл 5G-дің «сынақ үшін» ғана емес, күнделікті пайдаланылатын технологияға айналғанын аңғартады. Әсіресе байланыс сапасына талап жоғары сервистерде: видеоқоңырау, ағындық видео, бұлттық сервистер және цифрлық төлемдер.
Қамту аумағы да кеңейіп келеді. 5G тек облыс орталықтарында емес, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда да іске қосыла бастады. Мысалы, Қаскелең, Жаңаөзен, Құлсары, Сәтбаев, Қарқаралы және басқа да қалалар. Мұндай қалаларда тұрақты мобильді интернет — жай ғана ыңғайлылық емес. Ол цифрлық қызметтерге қолжетімділікті арттырып, үлкен қалалар мен өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтуы мүмкін.

5G-ді дамыту айтарлықтай инвестицияны талап етеді. Kcell деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда 5G желісін дамытуға салынған қаржы 180 млрд теңгеден асты. Осы тұста тариф саясаты да назарда: компания салық кодексі өзгеріп, ҚҚС мөлшерлемесі көтерілген жағдайда да тарифтік жоспарлардың бағасын өсірмегенін атап өтеді.
Нарықтағы жалпы көрініс те бұл мәселенің неліктен өзекті екенін көрсетеді. DataReportal/Kepios бағалауынша, 2025 жылдың соңында Қазақстанда 27,3 млн мобильді қосылу болды (131%), интернетті 19,5 млн адам пайдаланды (93,4%), ал әлеуметтік желі аудиториясы 16,9 млн-ға жетті (80,8%). Мұндай жағдайда теңсіздік «интернет бар/жоқ» дегеннен гөрі «интернет қаншалықты сапалы» деген өлшемге көшеді. Сондықтан 5G-ді жеделдетіп енгізу және шағын қалаларды да қамту — инфрақұрылымның өсіп келе жатқан цифрлық сұранысқа дайындығын көрсететін белгі.