Соңғы уақытта Uchet.kz және Qoldau.kz сервистерінің атын жамылған алаяқтар жалған SMS-хабарламалар таратып жатыр. Осыған полиция азаматтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаскүнемдер хабарламада “шұғыл, тез әрекет ету керек” деген сөздерді әдейі қолданып, адамдарды асықтырып, қорқытып жеке деректерін, логин мен парольдерін алуға тырысады. Негізгі мақсат – азаматтардың есептік жазбаларына және қаржылық қаражатына қол жеткізу.
Есте сақтаңыз:
- ресми сервистер мұндай мазмұндағы SMS-хабарламаларды ешқашан жолдамайды;
- күмәнді хабарламаларға жауап бермеңіз, ондағы сілтемелерге өтпеңіз;
- жеке деректеріңізді (ЖСН, логин, пароль, банк картасының мәліметтері) SMS арқылы жібермеңіз;
- кез келген ақпаратты тек ресми сайттар мен сенімді дереккөздер арқылы тексеріңіз.
Жеке деректеріңіз бен қаржыңызды қорғаңыз.