Бурабай ауданындағы мектепте заң бұзушылықтар анықталды

/
Бурабай ауданындағы мектепте заң бұзушылықтар анықталды

Бурабай ауданы прокуратурасы Бурабай кентіндегі С. Сейфуллин атындағы орта мектептің қызметінде мектептегі тамақтануды ұйымдастыру кезінде жол берілген заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Прокуратураның мәліметінше, конкурс жеңімпазы деп танылған жеткізуші конкурсқа қатысу барысында өзінің біліктілігі туралы жалған мәліметтер ұсынып, нақтысында өзінде жұмыс істемейтін қызметкерлерді (аспаздар, даяшылар және т.б.) көрсеткен.

Конкурсты жеңіп алғаннан кейін жеткізуші мектептегі тамақтануды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді іс жүзінде көрсетпей, өз міндеттемелерін тиісті өкілеттіктері мен рұқсат құжаттары жоқ үшінші тұлғаға заңсыз түрде берген. Аталған тұлға, өз кезегінде, жұмыстарды орындауға алкогольді шамадан тыс тұтынатын, сондай-ақ осы негіздер бойынша бұрын ата-аналық құқықтарынан айырылған адамдарды тартқан.

Мектеп әкімшілігі жеткізушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тиісті түрде тексермей, оны мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға заңсыз жол берген, бұл кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына әлеуетті қауіп төндірген, - делінген хабарламада.

Прокуратураның ұсынуы бойынша жеткізушімен жасалған шарт бұзылып, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берілді, мектеп директоры атқарып отырған қызметінен босатылды, конкурс комиссиясының мүшелері мен аудандық білім бөлімінің қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары