Павлодарда спорт нысандары заңсыз пайдаланылғаны анықталды

/
Павлодарда спорт нысандары заңсыз пайдаланылғаны анықталды
istockphoto.com

Прокуратура тарапынан өңірдегі спорт нысандарына тексерулер жүргізілді. Олардың қатарында стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждері бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені анықталды. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген.

Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, ал коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген.

Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды.

Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда.

Спорт ұйымдарында жалған дипломдары бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықа тартылған қызметкерлердің жұмыс істегені анықталды.

Спортшыларды жоқ қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған шарттар жасалған. Нәтижесінде келтірілген залал 2,8 млн теңгені құрады.

Тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігінің тозған күйде екенін көрсетті: трибуналардың қирауы, шатырлардың ағуы, мүгедектігі бар адамдарға жағдайдың болмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеуі.

Аталған барлық заң бұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілері енгізілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары