Энергетика министрлігі елдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылы ауқымды жөндеу науқандары мен Ұлттық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған шаралар барлық өңірлерде жылу және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған. Министрлік мәліметінше, жоспарланған жұмыстар энергия нысандарының техникалық әлеуетін жақсартып, тұтынушыларды тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл елімізде 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жөндеуден өтеді. Нәтижесінде қазақстандық жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61%-дан 59%-ға дейін төмендейді. Жөндеу жұмыстарын жоспарлы әрі кешенді жүргізу стансалардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, оларды жоғары қауіп аймағынан («қызыл аймақ») кезең-кезеңімен шығаруға жағдай жасайды.
Энергетика саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама 5 жылға жоспарланып, инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңартуды көздейді.
Жалпы 5 жыл ішінде елімізде 1,6 мың шақырым жылу желісі мен 78 мың шақырым электр желісі жаңартылады. Нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозуын 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің ескіруін 74%-дан 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары экономиканың және халықтың өсіп келе жатқан қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ете алатын орнықты отын-энергетика кешенін қалыптастыруға бағытталған