Қазақстандықтардың 80 пайызы Конституциялық реформаны қолдайды – сауалнама

Қазақстандықтардың 80 пайызы Конституциялық реформаны қолдайды – сауалнама

2026 жылғы қаңтар айында «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Мемлекет басшысы бастаған конституциялық реформаны азаматтардың қабылдауы мен бағалауын анықтауға бағытталған телефон арқылы сауалнамасын жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижелері қаңтар айында қазақстандықтардың басты назары әлеуметтік-саяси және экономикалық күн тәртібіндегі оқиғаларда болғанын көрсетті. Респонденттердің 32,7%-ы айдың ең маңызды оқиғасы ретінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайды атаған. Екінші орында – Салық кодексінің күшіне енуі (30,7%).

Осылайша, әлеуметтік-саяси күн тәртібі азаматтардың қабыдауында басты орында екені белгілі болды. Сонымен қатар, қазақстандықтар дәстүрлі түрде мақтаныш пен отансүйгіштіктің қайнар көзі болып табылатын спорттық және мәдени жетістіктерді де назардан тыс қалдырмады. Мысалы, респонденттердің 18,3%-ы әлемнің үш дүркін чемпионы атанған шахматшы Бибісара Асаубаеваның спорттық жетістігін, ал 9,3%-ы қазақстандық теннисші Александр Бубликтің жетістігін және басқа да спорттық жетістіктерді атап өткен.

Азаматтардың назарының әлеуметтік-саяси өзгерістерде болуы жүргізіліп отырған реформалардың олар тарапынан уақытылы рефомалар ретінде қабылданатынының белгісі болып табылады. Жалпы алғанда осындай пікірді 79% респондент білдірген. Олардың 48,2%-ы реформаларды «уақтылы деуге болады» десе, 30,8%-ы «толықтай уақтылы» деген ой білдірген.

Сіздің ойыңызша, Президенттің Ұлттық құрылтайда ұсынған саяси реформалары қаншалықты уақтылы?


Бір палаталы Парламентке өту (31,1%), вице-президент лауазымын енгізу (21,6%), Халық Кеңесін құру (20,1%), сондай-ақ жалпы конституциялық реформаны өткізу (15,2%) респонденттер тарапынан ең маңызды, әрі есте қаларлық реформалар ретінде анықталып отыр.

Сонымен қатар зерттеу нәтижелері қоғамның бір бөлігінің әлеуметтік-саяси күнтәртібіне қатысты белсенді талқылаулардан әзірге тыс қалып отырғанын көрсетеді. Мысалы 24,4% респондент Ұлттық құрылтай туралы ешнәрсе білмейтінін атап өткен.

Алдағы реформалардан қазақстандықтардың не күтетінін анықтауға арналған сауалнаманың жеке бір бөлімі олардың бірінші кезектегі күтілімдерінің мемлекеттің ашықтығы мен орнықтылығының артуымен байланысты екенін көрсетті. Осы тұста респонденттер тарапынан мемлекет пен халық арасындағы диалогты кеңейту (32,3%), мемлекеттік басқару сапасын жақсарту (23,3%), бүгінгіден де тұрақты саяси жүйені қалыптастыру (18,9%), елдің тәуелсіздігін нығайту (17%), мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың кеңейту (12,1%), парламенттің рөлін күшейту (11,3%) және демократияландыруды одан әрі тереңдету (9,3%) қажеттілігі анықталып отыр.

Сауалнамаға қатысушылардың едәуір бөлігі конституциялық реформалардың жүргізілуін өзінің жеке тұрмыс деңгейінің жақсаруымен тікелей байланыстырған. Жалпы алғанда 65,1% респондент ұсынылып отырған өзгерістер олардың жеке өмірі мен тұрмыс деңгейінің жағымды өзгеруіне әсер ететініне сенімді: 34% респондент «иә, сөзсіз», ал 31,1% «көбінде иә» жауаптарын берген. 

Жаңа Парламенттен азаматтар бірінші кезекте көбірек ашықтық, нәтижелі жұмыс және халықпен белсенді диалогты күтеді. Нақтырақ айтқанда, респонденттер Құрылтай депутаттары халыққа көбірек құлақ асады (37,8%) және адамдардың өмірін жақсартатын шешімдерді қабылдайды (32%) деген үміттерін білдірді.

Сонымен қатар, қазақстандықтар жаңарған Парламенттен жаңа саяси тұлғалардың пайда болуын (11,1%), қоғамдық талқылаулар мен оларға халықтың қатысуының көбеюін (6,2%) және заң шығарушы органның жалпы ықпалының күшеюін күтеді (6%).

Құрамына этномәдени бірлестіктердің, мәслихаттардың, қоғамдық кеңестер мен ҮЕҰ өкілдері кіреді деп күтілетін жаңа жоғары консультативтік орган Халық Кеңесінен азаматтардың күтілімдеріне келсек: респонденттердің басым көпшілігінің пікірінше (66,2%) ол барлық азаматтардың мүдделерін тең дәрежеде алға тартатын болады.

Респонденттердің едәуір аз бөлігі Халық кеңесі өз қызметі мен шешімдерінде көбірек жеке топтардың қызығушылықтарына бағытталады деп есептейді: мәслихатты 8,8%, ірі қоғамдық бірлестіктерді – 7,3%, аймақтық қоғамдық кеңестерді – 5%, этномәдени бірлестіктер – 4,8% белгілеген.

Жалпы, әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері азаматтардың жүргізіліп отырған конституциялық реформаның мәніне, өкілді демократияның жаңа институттарының құзыретіне қызығушылық танытатынын, олар туралы жеткілікті жоғары деңгейде хабардар екенін, сондай-ақ олардың ашық әрі тиімді жұмыс атқаруына деген қоғамдық сұраныстың бар екенін көрсетеді.

Осының нәтижесі ретінде сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым көпшілігі алдағы конституциялық реформаны қолдайтынын білдіреді. Жалпы алғанда, бұл – респонденттердің 78,4%-ы, олардың 40,1%-ы реформаны «көбіне қолдайды», ал 38,3%-ы «толық қолдайды». Бұл көрсеткіштер өз кезегінде реформаның уақтылы әрі қоғам тарапынан сұранысқа ие екенін растайды.

Президент Конституцияға енгізілетін алдағы өзгерістердің көлемді екенін атап өтті. Сіз конституциялық реформаны қаншалықты қолдайсыз?


Сауалнама әдістемесі: телефон арқылы сауалнама 2026 жылғы 24-28 қаңтар аралығында жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандар саны – 1 200 респондент. Зерттеуге Қазақстанның 17 облысынан және республикалық маңызы бар 3 қаласынан (Астана, Алматы және Шымкент) 18 жастан асқан азаматтар қатысты. Телефондық сауалнама ұялы байланыс абоненттері арасында жүргізілді. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Статистикалық ауытқуы 2,8%-дан аспайды.

Әлеуметтік-демографиялық блок: сауалнамаға 46% ер адам және 54% әйел қатысты, респонденттердің 64%-ы қала тұрғындары, 36%-ы ауыл тұрғындары болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары