«OrdaMed» АҚ басқарма төрағасы Еркін Длімбетов іздеуге жарияланды. Бұл туралы ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бағдарлау деректеріне сәйкес, Еркін Длімбетовке қатысты іздестіру ісі 28 қаңтарда Астана қаласында тіркелген. Іздеуді бастауға ҰҚК бастамашы болған. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстарын ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
Еске сала кетйеік, бұған дейін ҰҚК «OrdaMed» АҚ-да медициналық бұйымдарды жалған өндіріс арқылы шығару схемасы анықталғанын хабарлаған болатын. Мәліметке сәйкес, компания басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар екені туралы жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік медициналық мекемелерге медициналық жабдықтың 28 түрін жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз артықшылықтарға ие болған.
Нақтысында дайын жабдықтар шетелден жеткізілген. Соның салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды.
