Халықтың денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін медициналық қалдықтарға қатысты жүйелі мәселе Астанада өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес отырысында талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экологиялық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов Қазақстанда медициналық қызмет көлемінің артуы және санитариялық-эпидемиологиялық, экологиялық қауіпсіздік талаптарының күшеюі жағдайында медициналық қалдықтар мәселесі өте өзекті екенін атап өтті. Қалдықтарды дұрыс жоймау мәселесі халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға және аумақтардың тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан осы мәселе кешенді мемлекеттік тәсілді талап етеді.
Қатысушылар нормативтік база бар болғанына қарамастан, құқықтық қолдану тәжірибесінде, лицензия иелерін қадағалауда, қауіпті қалдықтар ағынын есепке алуда және мониторинг жүргізуде олқылықтар орын алып отырғанын, сондай-ақ оларды залалсыздандыру барысында экологиялық қауіпсіздікке қатер төнетінін атап өтті.

Әсіресе «Б» және «В» сыныпты қалдықтар көлемінің артуы, қалдықтарды рұқсатсыз төгу және жағу фактілері, сондай-ақ тиімді газтазалау жүйелері жоқ утилизациялық қондырғыларды пайдалану салдарынан диоксиндік ластану қаупі ерекше алаңдатады.
Өз кезегінде, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Тукенов мәселенің жүйелі сипатына тоқталды.
«Медициналық қалдықтарды қадағалау және залалсыздандыру, оларды кәдеге жарату инфрақұрылымын дамыту мәселелері әлі де сақталып отыр», – деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова ел азаматтарының денсаулығына төнетін қауіп пен медициналық қалдықтарды есепке алудағы кемшіліктерге назар аударды. Қолданыстағы нормативтік базаға қарамастан, құқықтық қолдануда жүйелі мәселелер бар. Олар – лицензия беруден кейінгі қадағалау жұмысының әлсіздігі, санитариялық және экологиялық заңнамадағы біліктілік талаптары арасындағы қайшылықтар, толық емес есеп пен мониторинг, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар барысында бағаны демпингтеу салдарынан қызметтердің формалды түрде ғана көрсетілуі. Осы мәселелерді шешу үшін лицензия иелерін қадағалау жұмысын күшейту, біліктілік талаптарын үйлестіру, бірыңғай цифрлық есеп жүйесін енгізу және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру қажет.

Сарапшылар тиімді газтазалау жүйелері жоқ утилизациялық пештер пайдаланылуына назар аударып, бұл әрекет диоксиндік ластану қаупін арттыратынын, мемлекеттік бақылауға деген сенімді әлсірететінін атап өтті. Отырысқа қатысушылар жүйелі шешім қажет екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, нормативтік базаны жетілдіру, құқықтық қолдану тәжірибесін күшейту, залалсыздандыру инфрақұрылымын дамыту және ашық цифрлық есеп жүйесін енгізу қажет.

Экологиялық кеңес төрағасы медициналық қалдықтарды басқару тәсілін жүйелі түрде жаңартудың маңызын атап өтті. Бұл заңнаманы өзектендіру, нарық қатысушыларының жауапкершілігін арттыру, қауіпсіз инфрақұрылымды дамыту, персоналды оқыту және бірыңғай цифрлық есеп платформасын іске қосу қадамдарын қамтиды.
«Нормативтік базаны жетілдіру, қадағалау барысын күшейту және заманауи технологияларды енгізу қадамдары медициналық қалдықтармен жұмыс істеудің барлық кезеңінде талаптардың формалды емес, нақты сақталуын қамтамасыз ететін біртұтас жүйеге айналуға тиіс», – деп атап өтті Бауыржан Смағұлов.