"Аймақтағы олимпиадалық қозғалыстың дамуына серпін береді": Головкин Азия Олимпиадалық кеңесінде сөз сөйледі

"Аймақтағы олимпиадалық қозғалыстың дамуына серпін береді": Головкин Азия Олимпиадалық кеңесінде сөз сөйледі
olympic.kz

Өзбекстан астанасы Ташкентте Азия Олимпиадалық кеңесінің 46-шы Бас ассамблеясы өтті. Жиынға Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті және World Boxing халықаралық федерациясының басшысы Геннадий Головкин, ҚР ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, сондай-ақ Орталық Азиядан АОК Атқарушы комитетінің мүшесі Ольга Рыпакова қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бас ассамблеяның күн тәртібіндегі басты мәселе 2028 жылға дейінгі мерзімге Азия Олимпиадалық кеңесінің президентін сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша АОК президенті болып Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының аға вице-президенті, Қатар Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті шейх Джоаан бин Хамад бин Халифа Әл Тани сайланды.

Ассамблеяның жеке бір бөлімі Азияда алдағы уақытта өтетін кешенді спорттық жарыстарға дайындық мәселелеріне арналды. Ұйымдастыру комитеттерінің өкілдері 2026 жылы Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына, Қытайдың Санья қаласындағы 2026 жылғы жағажай Азия ойындарына, сондай-ақ Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін 2026 жылғы жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлері бойынша Азия ойындарына дайындық барысы туралы ақпарат ұсынды. Талқылау барысында инфрақұрылым, логистика және Ұлттық олимпиадалық комитеттермен өзара іс-қимылды үйлестіру мәселелері қарастырылды.

Ассамблея жұмысы барысында Азия Олимпиадалық кеңесінің ағымдағы қызметіне және оның басқару құрылымдарының жұмысына айрықша назар аударылды. Аймақтық вице-президенттер мен салалық комитеттер атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы даму бағыттары айқындалды.

Сонымен қатар Халықаралық Олимпиадалық комитет пен Olympic Solidarity бағдарламасы аясында жаңартылған ақпарат таныстырылды. Спортты дамытуға бағытталған қолдау шараларына, білім беру бастамаларына және Азия елдеріндегі спортты ілгерілету тетіктеріне басымдық берілді.

"Азия Олимпиадалық кеңесінің Бас ассамблеясына қатысу осы аймақтағы елдер арасындағы халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту мен өзара диалогты дамыту тұрғысынан аса маңызды. Бұл, әсіресе, 2026 жылы Азияда өтетін бірқатар кешенді ойындар, соның ішінде Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындары қарсаңында өзекті болып отыр.

Бірлескен іс-қимыл мен тәжірибе алмасу алдағы додаларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беріп, аймақтағы олимпиадалық қозғалыстың одан әрі дамуына серпін береді деп сенемін", – деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, Азия Олимпиадалық кеңесі – Халықаралық Олимпиадалық комитет мойындаған құрлықтық спорт ұйымы. Қазіргі таңда ұйым құрамына Азияның 45 Ұлттық олимпиадалық комитеті кіреді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары