Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Онда конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдер талқыланды. Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды.
«Жұмыс тобы былтырдан бері бірнеше рет жиналды. Әр отырыстың қорытындысы бойынша парламенттік реформаға қатысты нақты ұсыныстар әзірленді. Олардың барлығы жүйелі түрде жинақталып, жан-жақты сараланды. Жұмыс тобының парламенттің құрылымына, құрамына, өкілеттілігіне қатысты ұсынып отырған өзгерістері өте ауқымды. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға жол ашады деп ойлаймыз», - деді ол.