2025 жылы Қазақстан экономикасы сандық өсіммен қатар, құрылымдық жаңғыру кезеңіне өтті. Елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін жақсарту бұл үдерістегі басты басымдықтың біріне айналмақ. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшының айтуынша, 2025 жыл Қазақстан үшін ауқымды өзгерістер жылы болды: ел экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 300 млрд АҚШ долларынан асты. Алайда қол жеткізілген нәтижелер соңғы межені емес, жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіреді. Мемлекет басшысы да экономиканың ішкі теңгерімсіздіктерін жүйелі түрде түзету қажеттігін атап өткен.
Сонымен бірге, мемлекет стратегиялық күнтәртібінде қол жеткізілген нәтижелер – соңғы нүкте емес, бұл жаңа даму кезеңіне өтудің нышаны екені күннен күнге айқын сезілуде. Turkistan газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «экономика ішінде тепе-теңсіздіктер сақталып отыр, оларды жүйелі түрде түзету қажет» деп нақты атап өтті. Мұнда дағдарыс туралы сөз жоқ, бұл «өсу ауруы» деп аталатын жағдай, оны жеңу үшін нақты іс-қимыл жоспары дайындалған, – дейді сарапшы.
Осы тұрғыда логистика мен транзиттік инфрақұрылымды дамыту экономикалық өсудің сапасын арттыруға бағытталған маңызды құрал ретінде қарастырылып отыр.
2025 жылы Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі іске қосылды. Сонымен қатар 13 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу және салу жұмыстары басталып, жалпы ұзындығы 1,9 мың шақырымды құрайтын жаңа автожол жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Орталық – Батыс трассасы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын және Атырау – Доссор бағыттары бар.
Әуе қатынасы инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Президент тапсырмасымен Зайсан, Қатонқарағай және Кендерліде жаңа әуежайлар салынуда, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл жобалар өңірлердің экономикалық байланысын күшейтіп, ішкі нарықтың тұтастығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін бұл инфрақұрылымдық жобаларды жұмыспен қамтудың, өңірлік дамудың және елдің экономикалық байланыстылығын арттыру мультипликаторы ретінде пайдаланудың нақты мүмкіндігі, – дейді ол.
Анна Альшанскаяның пікірінше, логистикалық инфрақұрылымды дамыту тек транзиттен түсетін табысты арттырумен шектелмейді. Ол жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлік дамуға және экономикалық өсімді инклюзивті етуге ықпал ететін маңызды мультипликаторға айналып отыр.