2025 жылы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға нақты үлес қосты. Елдің әр өңірінде болған оқыс оқиғалар кезінде ұландықтардың кәсібилігі мен адамгершілігі тағы бір мәрте сынға түсті.
Былтырғы ақпан айында Көкшетауда 5510 әскери бөлімінің взвод командирі лейтенант Еркен Халиоллин патрульдеу барысында қарт туысы хабарласпай қалғанын айтқан тұрғынның өтінішіне бірден ден қойып, оқиға орнына жедел жетті. Екінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кірген офицер еденде қозғалыссыз жатқан 73 жастағы әйелді байқап, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оның түн ішінде құлап, жамбас және иық сүйектерін сындырып алғаны белгілі болып, зардап шеккен тұрғын дәрігерлерге тапсырылды.
16 наурызда Алматыда капитан Аманғали Еменов көпқабатты үйдің төртінші қабатынан секірмек болған әйелді аман алып қалды. Оқиға орнына кездейсоқ тап болған офицер жағдайдың аса қауіпті екенін байқап, уақыт жоғалтпай әрекет етті: жоғары қабаттан арқан арқылы төмен түсіп, көрші терезеден пәтер ішіне кіріп, қонақ бөлмеде секіруге оқталған әйелді тежеп, қауіпсіз жерге шығарып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
21 маусым күні Астанада 5573 әскери бөлімінің кинологы ефрейтор Достық Жақсылық «Сарқырама» көпірі қоршауының арғы жағында тұрған азаматты көріп, полиция келгенге дейін трагедияға жол бермеді. Түнгі уақытта көпір үстінде 1996 жылы туған азаматтың суға секіруге оқталғанын байқаған ұландық бірден сөзге тартып, сабырға шақырып, назарын басқаға бұрды. Кейін тағы бір тұрғынмен бірлесіп, ер адамды қоршаудан бері тартып шығарды. Осылайша, адам өмірін сақтап қалды. Құтқарылған азаматқа медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Сондай-ақ елордада “Астана Арена” спорт кешені маңында қызмет атқарған 5573 әскери бөлімінің сарбаздары Иманжүсіп Түменбаев пен Александр Баширов өзін жайсыз сезініп, басы айналып құлаған жасөспірімге жедел түрде алғашқы көмек көрсетті. Олар баланың ес жиюына көмектесіп, анасына хабарласып, жасөспірімді көлікке дейін жеткізуге көмектесті. Бұл ұландықтардың көпшілік орындарда азаматтарға көмек көрсету тәжірибесінің жүйелі екенін аңғартады.
Жазды күні Қызылордада тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Осы сәтте жақын жерде жауынгерлік қызмет атқарып жүрген 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері алғашқы болып көмекке келді. Лейтенант Ернұр Әбілхан патрульдік топтағы сарбаздар Нұрдәулет Әдіхалық және Ердос Махмұдовпен бірге жедел жетіп, өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындарды түтін жайлаған подъезден шұғыл эвакуациялауға кірісті. Әскери қызметшілер қою түтінге қарамастан адамдарды сыртқа шығарып, бесінші қабатта қалып қойған әйел мен кішкентай қызды да қауіпсіз жерге алып шықты. Нәтижесінде тұрғындар түгел эвакуацияланып, ешкім зардап шеккен жоқ.
Аталған бес оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тек қызметтік міндетін орындап қана қоймай, қауіп төнген сәтте батыл шешім қабылдап, адам өмірін арашалауға әрдайым дайын екенін көрсетеді.