Қысқы демалысты қайда өткізуге болады: Қазақстанның тау шаңғы бағыттары

/
Қысқы демалысты қайда өткізуге болады: Қазақстанның тау шаңғы бағыттары

Туризм және спорт министрлігі қысқы туризм саласындағы ұлттық стандарттардың тізбесін жергілікті атқарушы органдарға жолдады. , деп хабарлайды turkystan.kz.

Сонымен қатар қысқы маусымда уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, көшпелі мониторингтік тексерулер жоспарланған.

Тексеру барысында тау шаңғысы трассалары мен көтергіштердің жағдайы, қауіпсіздік және санитарлық талаптардың сақталуы, сондай-ақ туристік инфрақұрылымның ұлттық стандарттарға сәйкестігі бағаланып, демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етіледі.

Қысқы маусымның басталуымен тау шаңғы курорттарында демалуға деген қызығушылық арта түседі. Бүгінде өңірлерде туристерге шаңғы, сноуборд және басқа да қысқы белсенді демалыс түрлеріне арналған 13 орын жұмыс істейді.

 Алматы қаласының маңы

 Shymbulak – еліміздегі ең танымал тау шаңғы курорттарының бірі. Мұнда жалпы ұзындығы 20 шақырымға жететін әртүрлі деңгейдегі трассалар, аспалы жолдар және жалға беру пункттері бар. 2023 жылы әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Қосымша мүмкіндіктер: зиплайн, атпен серуендеу, парапланмен ұшу, коньки тебу.

 Pioneer отбасылық тау курорты – ұлттық парк аумағында, 2000 метрден жоғары биіктікте орналасқан. Трассалардың жалпы ұзындығы – 3 000 метр. Әуесқойларға да, тәжірибелі спортшыларға да қолайлы. Курорт жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда табиғи маршруттар, отбасылық бағдарламалар, құрал-жабдықтарды жалға алу қызметі бар.

 Алматы облысы

 Oi-Qaragai – төрт маусымдық отбасылық тау курорты. Мұнда жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын 15 трасса бар. Аумағында мейрамханалар, қонақ үйлер және ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді.
Қосымша: арқанды парк, ат спорты орталығы, садақ ату, пейнтбол, экскурсиялар.

 «Ақ Бұлақ» – биік таулы аймақта орналасқан, әртүрлі дайындық деңгейіне арналған трассалар мен фрирайд бағыттарын ұсынады. Трассалардың ұзындығы 2 500 метрге дейін жетеді.
Қосымша: сауықтыру бағдарламалары, квадроциклдер.

 Ақмола облысы

 Orman Ski Resort (Щучье-Бурабай курортты өңірі) – жалпы ұзындығы 800 метрге жететін әртүрлі күрделі трассалар, көтергіштер, кешкі жарықтандыру, жалға беру пункті және нұсқаушылар мектебі бар кешен.
Белсенді демалыс түрлері: шаңғы, сноуборд, тюбинг, қарда жүретін көліктер, шанамен сырғанау, қарағайлы орманда серуендеу.

 Elikti Park – Көкшетау қаласынан 25 шақырым жердегі Зеренді ауданында орналасқан. Ұзындығы 4 шақырымға жететін трассалар, бугельді және орындықты көтергіштер, жабдықтарды жалға беру қызметі бар.
Белсенділіктер: тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, коньки тебу, таза ауадағы серуен.

 «Нұртау» базасы (Щучье-Бурабай курортты өңірі). Мұнда ұзындығы 800 метрлік трасса, аспалы жол және тюбингке арналған сырғанақ төбешіктер бар.

 Шығыс Қазақстан облысы

Өңірде 4 тау шаңғы орны жұмыс істейді.

 «Алтай Альпісі» – Өскемен қаласынан 24 шақырым жерде орналасқан курорт. Мұнда ұзындығы 4 500 метрге дейін жететін 12 еңіс бар. Маусым қарашадан сәуірге дейін жалғасады.
Қосымша: нұсқаушылар қызметі, жабдықтарды жалға алу, пантамен емдеу, монша, балық аулау, атпен серуендеу, арқанды парк.

 «Нұртау» – облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан. Қонақтарға екі негізгі және бір еңісі бар. Сондай-ақ фрирайд аймақтар мен орындықтар жұмыс істейді. Трассалардың ұзындығы – шамамен 2 000 метр. Аумақта коттедж қалашықтары мен балаларға арналған орталық бар.
Қосымша: тюбинг, монша, от жағу алаңы, қарда жүретін көліктермен экскурсиялар.

 Риддер қаласының маңы

 Stardust Camp – Жоғары-Хайрузовка ауылында орналасқан. Ұзындығы 1 000 метрлік бугельді көтергіш, тюбинг, қонақ үй мен глэмпингте орналастыру мүмкіндігі бар.

 «Эдельвейс» – әртүрлі деңгейдегі трассалар, оның ішінде слаломға арналған сертификатталған бағыттар бар. Жалпы ұзындығы – шамамен 1 300 метр.
Қосымша: таулы жорықтар, коньки тебу.

 Түркістан облысы

 «Алатау» төрт маусымдық курорты – Төлеби ауданы Нысанбек ауылында орналасқан. Қыста шаңғы, сноуборд, тюбинг және қарда жүретін көліктер қолжетімді. Трассалардың жалпы ұзындығы – 1 800 метр.
Қосымша: қарда серуендеу, атпен серуендеу, отбасылық бағдарламалар.

 Павлодар облысы

 «Мырзашоқы» тау шаңғысы базасы – Қаражар ауылының маңында орналасқан. Ұзындығы 960 метр болатын шаңғы трассалары мен аспалы жол бар. Базада түнеу қарастырылмаған.
Қосымша: тюбинг, таза ауада серуендеу, қарда жүретін көліктер, қысқы пикниктер мен экскурсиялар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары