ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен елордалық құрамасы Астана қаласының №36 мектеп-лицейімен бірлесіп, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған мәдени-танымдық іс-шара өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, жергілікті соғыстарға қатысушылар қоғамдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ тәрбие орталықтарының басшылары мен педагогтары қатысты.
Салтанатты бөлім Ұлттық ұлан Құрмет қарауыл ротасы жауынгерлерінің сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізуінен басталды. Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің сүйемелдеуімен қатысушылар Мемлекеттік әнұранды шырқады.
Кездесу барысында арнайы шақырылған қонақтар оқушыларға Бауыржан Момышұлының өнегелі өмір жолы, ерлікке толы тағдыры және ел тарихына қосқан елеулі үлесі туралы айтып берді. Баяндамашылар өз сөздерінде аты аңызға айналған батыр мұрасының жас ұрпақты патриотизмге, тәртіп және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараның мәдени бөлімі құқықтық тәртіп әскері Ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы әзірлеген концертке ұласты.
Кездесу соңында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді одан әрі дамытуға бағытталған №36 мектеп-лицейі мен 5573 әскери бөлімі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандум өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен батыр мұрасына құрмет сезімін қалыптастыру жолындағы білім беру мен тәрбие жобаларын іске асыруға негіз болмақ.