Қазақстанда ауасы ең таза қала анықталды

/
Қазақстанда ауасы ең таза қала анықталды
caclimate.fund

Central Asia Climate Foundation Қазақстандағы ауасы ең таза ірі қаланы анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

CACF-тың Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офисінің мәліметінше, Қазақстанның барлық ірі қаласының ішінде ауасы ең таза – Ақмола облысының әкімшілік орталығы Көкшетау қаласы.

Қалада жылу электр орталығының болуына қарамастан, кейінгі 10 жыл ішінде атмосфералық ауаның ластану деңгейі тұрақты түрде төмен болып отыр.

«Көкшетау қаласы Қазақтың ұсақ шоқысының солтүстік бөлігінде, Көпе көлінің жағасында, Щучинск–Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарынан бірнеше ондаған шақырым қашықтықта орналасқан. Қала климаты – күрт континенталды.

Ақмола облысындағы атмосфералық ауаның жалпы жағдайы тұрақты деңгейде бағаланады.

Көкшетау қаласындағы негізгі ластаушы көздерге өнеркәсіптік кәсіпорындар, жылу энергетикасы нысандары және автокөлік жатады. Бұдан бөлек, қыста отын ретінде көмір пайдаланатын жеке тұрғын үйлер де ауаның ластануына айтарлықтай үлес қосады», - деп жазды сарапшылар.

Көкшетау қаласында атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг екі автоматты станцияда жүргізіледі, онда әр 20 минут сайын 6 көрсеткіш бойынша деректер тіркеледі:

  • РМ-2,5 қалқыма бөлшектері;
  • РМ-10 қалқыма бөлшектері;
  • азот диоксиді;
  • күкірт диоксиді;
  • азот оксиді;
  • көміртек оксиді.

Ауа сапасын бағалау үшін Атмосфераны ластаудың индексі (бұдан әрі – АЛИ) қолданылады – бұл бірнеше негізгі ластаушы заттардың концентрациясын және олардың адам денсаулығына әсерін есепке алатын көрсеткіш. Ол орташа тәуліктік немесе орташа жылдық концентрацияларды пайдалану арқылы созылмалы ластану деңгейін анықтайды.

"Қазгидромет" РМК деректеріне сәйкес, 2015-2024 жылдар аралығында Көкшетауда ауа ластануының индексі тұрақты түрде төмен деңгейде болған (АЛИ 1–4).

2024 жылы мониторингтік бекеттерде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының 677 рет асуы тіркелген. Негізгі ластаушы заттар – қалқыма бөлшектер, азот және күкірт диоксидтері.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары