Жапония Қазақстанға денсаулық сақтауды дамытуға 7 млн доллар гранттық қолдау көрсетеді

/
Жапония Қазақстанға денсаулық сақтауды дамытуға 7 млн доллар гранттық қолдау көрсетеді
istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Жапонияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иидзима Ясусама Абай облысында медициналық инфрақұрылымды дамытуға 1,087 млрд иен (7 млн АҚШ доллары) мөлшерінде жапон грантын беру туралы үкіметаралық келісімді іс жүзінде іске асыру мақсатында құжатқа қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Гранттық көмек «Семей медицина университеті» КеАҚ университеттік госпиталіне арналған жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды сатып алу үшін іске асырылатын болады.

Жоба госпитальды магниттік-резонанстық томографты (МРТ), компьютерлік томографты (КТ), эндоскопиялық, реанимациялық және өзге де жоғары технологиялық жабдықты қоса алғанда, заманауи диагностикалық және емдеу жүйелерімен жарақтандыруды көздейді.

Бұл өңірлік деңгейде, оның ішінде ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен пациенттерге арнайы әлеуметтік және гуманитарлық маңызы бар мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұл грантты іске асыру денсаулық сақтау саласындағы тұрақты қазақстан-жапон ынтымақтастығының бір бөлігі болды.

Жапония денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, базалық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірлік теңсіздіктерді қысқартуға бағытталған «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өтеусіз көмек бағдарламасы шеңберінде Қазақстанға қосымша қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, медициналық білім беру және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.

Өзара іс-қимыл JICA және Young Leaders' бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Семей медицина университеті Жапонияның жетекші университеттерімен, соның ішінде Nagasaki University, Hiroshima University, Oita University, Shimane University және Kochi University-імен әріптестік жасады. Ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты, клиникалық тағылымдаманы, бірлескен ғылыми зерттеулерді және оқытушылармен алмасуды қамтиды.

Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық нарықтарында бүгінде дәрілік заттардың 27 атауы және жапон өндірісінің 445 медициналық бұйымдары тіркелген, бұл жапон технологияларына деген сенімнің жоғары деңгейін және жапон компанияларының елде тұрақты болуын көрсетеді.

Бұған дейін «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өтеусіз көмек бағдарламасы шеңберінде Жапония Жамбыл облыстық қан орталығына 6 68,790 АҚШ доллары көлемінде грант бөлгенін айта кеткен жөн. Бұл ақшаға қан тромбоциттерін сақтауға арналған 5 аппарат сатып алынды.

Бұған дейін Жапония Үкіметі бөлген гранттарға Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасына медицина қызметкерлерін шақырту жүйесі сатып алынды, Академик Н. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында компьютерлік томография кабинеті және басқалар ашылды.

Клиникалық зерттеулерді, жабдыққа сервистік қызмет көрсетуді, JICA білім беру бағдарламаларын және жасанды интеллект негізінде телемедициналық шешімдерді біріктіре алатын Japan-Kazakhstan Medical Hub құру жобасы қарастырылуда.

Денсаулық сақтау министрлігі Жапония үкіметіне көрсеткен қолдауы, денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дәйекті дамытқаны және ел халқына медициналық көмек жүйесін нығайтуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғысын білдіреді.
Қазақстан медициналық туризм және оңалту, трансплантология және ағза донорлығы, денсаулық сақтауды цифрландыру, жасанды интеллект және телемедицина, жапондық үлгідегі жоғары технологиялық медициналық клиникалар құру сияқты перспективалық бағыттар бойынша Жапониямен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ашық.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары