20 Сәуір 2015, 15:19 6951 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Қазақтың ғарыш қақпасы Байқоңырға - 60 жыл!

Биыл Байқоңыр ғарыш айлағы мен оның негізінде құрылған Байқоңыр қаласының іргесі қаланғанына тұп-тура 60 жыл толып отыр. Алғашқы кеңестік құрлықаралық Р-7 баллистикалық ракетасын жасау қолға алынып, ғарыш айлағын салу қажеттілігі туғанда болашақ полигон үшін Сырдария өзенінің оң жағалауындағы Төретам теміржол бекеті аумағына таңдалды. КСРО Министрлер Кеңесінің 1955 жылы 12 ақпандағы № 292–181 қаулысы қабылданғаннан кейін Байқоңырдың құрылысы басталды да кетті.

Байқоңыр – әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны. Оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырымға созылып жатыр, солтүстіктен оңтүстікке дейін ұзындығы – 75 шақырымды, батыстан шығысқа дейінгі ұзындығы – 90 шақырымды құрайды. Ғарыш алаңын салу үшін Тұран жазығының қуаң белдемін таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экваторға жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы секілді маңызды факторлар ескерілген.

Алып аумаққа иелік еткен Байқоңыр қаласы ұзақ жылдар бойына аса құпия нысан болып саналды. Жергілікті тұрғындар да, әскери мамандар да қаланы “10-алаң” деп атап келген. Ал қалаға іргелес жатқан “Крайний” әуежайы мен көптеген шаруашылық мекемелері және Төретам теміржол бекеті “9-алаңға” енді.

1955 жылы көктемде генерал-майор Г. М. Шубников жетекшілігімен полигонның тұңғыш нысандарының құрылысы басталды. Жаңа полигонды құру үшін әскери құрылысшылардың күші жұмылдырылды, олардың көбі майданнан қайтқандар еді. 1956 жылдың қарашасына қарай құрлықаралық баллистикалық ракеталар ұшыру сынағына дайындықты қамтамасыз ететін бірқатар нысандар: ұшыру кешені, ұшыруды басқару пункті, монтаждық-сынақ корпусы, өлшеуіш пунктілер бөлігі, есептеу орталығы ғимараты, су тасу, су сорғысы стансасы және электр стансасының құрылысы аяқталып, пайдаланауға берілді.

Құрлықаралық екісатылы баллистикалық ракета 8К71 №5Л-Р-7 типіндегі ракеталар тобының прототипі – «Союз» ғарышқа 1957 жылдың 15 мамырында жөнелтілді. Ал сол жылдың 4 қазанында 8К71 ПС ракета-тасушымалдаушысы ұшырылды. Ол Жердің алғашқы жасанды серігін «ПС-1»-ді орбитаға шығарды.

1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Байқоңыр» айлағынан ғарышқа аттанды. Сол жылдан бастап «Байқоңыр» ғарыш кеңістігін игеруге бағытталған көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық стансалары, зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» сынды Жердің жасанды серіктері ұшырылды. Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары бар зымыран тасымалдағыштары да Байқоңырдан аттандырылды. 1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен ғарышқа сапар шекті. Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 3 рет (1994, 1998, 2001) болды.

Егемендігімізді жариялаған соң, 1991 жылдан бастап «Байқоңыр» ғарыш кешені толығымен Қазақстанның иелігіне өтті. 1994 жылы қаланы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға беру туралы келісімшартқа қол қойылды. Кейіннен жалға беру мерзімі ұзартылып, ресейліктер Байқоңыр қаласын «Байқоңыр» ғарыш айлағымен бірге 2050 жылға дейін пайдалану құқығына ие болды.

Бүгінгі таңда Байқоңыр қаласы Қазақстан­ның Ресеймен ғана емес, әлемнің өзге мемлекеттерімен де әріптестік қарым-қатынасын ілгерілетуде айрықша маңызға ие. Өйткені ғарыш айлағы – еліміздің имиджін қалыптастыратын ең танымал туристік нысан. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшатын зымырандарды тамашалауға дүниенің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келеді. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әкімі Нәжмәдин Шамұратовтың айтуынша, нысанның туристтік әлеуетін дамыту мақсатында Үкімет тарапынан «Ғарыш айлағы» жобасы дайындалып, жоба бойынша Байқоңыр қаласында планетарий, ұшуды басқару мини-орталығы, әлемдік жоғарғы стандарттарға сәйкес қонақүй кешенінің құрылысы жоспарланып отыр екен.

Облыста жыл сайын өткізілетін «Байқоңыр» инвестициялық форумының да халықаралық ынтымақтастықты арттыруға қосатын үлесі орасан. Мәселен, өткен жылы «Еуразиялық экономикалық одақ жағдайындағы Қызылорда облысының жаңа инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбы аясында өткізілген ІV«Байқоңыр» инвестициялық форумы V «Байқоңыр» экономикалық форумына алыс-жақын шетелдерден 300-ге жуық делегат қатысты. Форумның қонақтарға ғарыш айлағындағы мұражайды тамашалатып, «Союз-У» зымыранының ұшырылу сәтін көрсетуден бастау алғаны да кездейсоқтық емес. Сол кезде делегаттардың бірі – Түркияның Қожаелі қаласы сауда палатасының төрағасы Мұрат Өздагтың: «Ғарыш кемесінің көкке көтерілу сәтін көзбен көріп, керемет әсерге бөленіп тұрмын. Сыр өңірімен ынтымақтастық байланысымыз да дәл осындай биік дәрежеге көтерілеріне сенім мол», – дегені есте.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Байқоңыр» форумын өткізудегі мақсат Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру, тиімді іскерлік қатынастарды дамыту, өлкедегі өндіріс саласымен шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын ортаға салу екенін айтқан еді. Былтырғы жиын барысында Қызылода облысы мен Еуразиялық даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ және Түріктің Қожаелі провинциясының сауда саттық палатасымен өзара ынтымақтастық туралы, «Астана Экспо» халықаралық ұйымымен сувенирлік өнім мен қолөнер заттарын дайындау бойынша, сонымен қатар «ЮжАвтострой» компаниясымен жел электростанциясын салу жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Демек, сөз бен істі үйлестірген Сыр өңірі межелі мақсатты бағындырып келеді.

Соңғы жаңалықтар