Берік Асылов: Балалардың құқығын қорғау – барлық прокурордың назарында

/
Берік Асылов: Балалардың құқығын қорғау – барлық прокурордың назарында
Ғаламтор

Қазақстан Бас прокуратурасында жыл қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Онда балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде облыс прокурорларының баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық тәуекелдерді анықтауға және азайтуға бағытталған «Қауіпсіз өңір» жобасын ұсынды. Жоба қауіпті учаскелерді абаттандыруды, көшелерді жарықтандыруды, инфрақұрылымды мониторингтеуді, сондай-ақ құқық бұзушылықтар туралы деректерді талдау негізінде профилактикалық және патрульдік жұмысты күшейтуді көздейді.

«Қазіргі таңда әжептеуір нәтижелер бар: бірқатар қауіптер төмендетілді, балалардың мектепке баратын жолында инфрақұрылым қамтамасыз етілді, буллинг фактілері анықталып, жедел шаралар қабылданды.

Аталған жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы болып саналады деген талаптарына сәйкес келеді. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі  әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды.

Барлық өңір прокурорларына балалар қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, осындай жұмысты жүргізу тапсырылды.

Қауіпті учаскелерді анықтау, жарықтандыру мен патрульдеуді күшейту, жергілікті атқарушы органдармен және полициямен нақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ету прокурорлардың алдағы кезеңдегі негізгі міндеті.

Балаларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау және олардың өмірі үшін қауіпсіз, сенімді орта қалыптастыру барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жұмысының сөзсіз басымдығы болуы тиіс», - деді Бас прокурор Берік Асылов.

Алматы облысының прокуратурасы Kundelik платформасымен меморандум жасап, қосымшаның басты бетінде прокуратураның блогын іске қосты.

Блог балалардың құқықтық мәдениетін арттыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Құқықтық негіздерді тиімді қабылдау үшін өзара іс-қимылдың 4 негізгі тетігі қарастырылған.

Материалдар (фото, видео, мәтіндік форматтар және вебинарлар) оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жасалып, күрделі құқықтық мәселелер түсінікті тілде беріледі, ұсынымдар мен кеңестерді қамтиды және оқу процесінде қолданылады.

Балалармен кері байланыс QR-кодтар, сондай-ақ мессенджерлер арқылы анонимді өтініш беру мүмкіндігімен қамтамасыз етілген.

Блогты 210 мың оқушы мен олардың ата-аналары қарады.

Kundelik платформасымен ынтымақтастық құқықтық ақпаратты жеткізумен қатар, қолда бар мәліметтерді талдауға, оларды «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында пайдалануға, сондай-ақ тәуекел тобындағы балаларды және баланы тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамайтын ата-аналарды уақтылы анықтауға мүмкіндік берді.

«Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 16 мыңнан астам бала тиісті медициналық қызметтермен қамтылды, 4 мыңнан астам ата-анаға заңда көзделген әлеуметтік төлемдер қамтамасыз етілді.

Қамқорлықсыз қалған үш жасар балаға жедел көмек көрсетілді: әкесі жазасын өтеп жатқан, ал анасы қоғамға жат өмір салтын ұстанған. Анасы маскүнемдіктен мәжбүрлі емдеуге жіберіліп, бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тиісті күтім мен бақылауға алынды.

Бұл атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі прокурорлар жұмысын жүйелеу, сондай-ақ балалар мен ата-аналарды ақпараттандыру тиімділігін арттыру мақсатында Kundelik платформасымен осындай интеграцияны жүзеге асыру тапсырылды.

Бұл – балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған прокуратура жобаларын біріктіруге және жүйелеуге; нақты балалар мен ата-аналар топтарымен жұмысты бірыңғай әрі үйлестірілген тәсілде жүргізуге; қолайлы әрі кеңінен қолданылатын цифрлық құрал арқылы құқықтық тәрбиені және заңға бағынатын азаматты қалыптастыруды күшейтуге мүмкіндік береді.

Аталған жұмыстардың барлығы балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын профилактика, уақтылы көмек көрсету және әрбір баланың құқығын қорғау арқылы іс жүзінде іске асыруға бағытталған», - деді Берік Асылов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары