Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, өңірде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қызылорда қаласында «Акса Энерджи» түрік инвесторымен 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы салынды. 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Орталық өңірімізді қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2025 жылы 41 елді мекенде 66 жобаны іске асыруға 15 млрд 155 млн теңге бөлінді. Биыл барлық елді мекендер 100% орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді, газдандыру көрсеткіші 83%-дан асты. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 2022-2025 жылдары 71 жоба жүзеге асырылды.