Президент ауыл шаруашылығы саласында жапон мамандарымен бірге зерттеу платформасын құруды ұсынды

Президент ауыл шаруашылығы саласында жапон мамандарымен бірге зерттеу платформасын құруды ұсынды
Ақорда

Мемлекет басшысы Токиода өтіп жатқан «Орталық Азия-Жапония» саммитінде орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон мамандарымен бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән береді. Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. 

Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады. 

Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. 

Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайтынын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланысты. 

Орталық Азия қазірдің өзінде су тапшылығын сезініп отыр. Соңғы жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. 

Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті.

Қазақстан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды әрі аталған беделді институтпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті», – дейді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары