Жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 862 мың өтініш қаралды

/
Жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 862 мың өтініш қаралды
Суреттер: amanatpartiasy.kz

Әрбір екінші қазақстандық азаматтың несиесі бар, ал бір жарым миллион азаматтың шоты қарызына байланысты бұғатқа түскен. Халықтың жалпы қарызы 26 триллион теңгеден асады, ал жүздеген мың отбасы үнемі күйзелісте өмір сүреді: алған жалақысы төлемдерге жұмсалады, ал тұрмысы жаңа қарызбен жалғасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызы туралы айтты. Ол халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді. Президент «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет екенін ерекше атап өтті.

Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев жоба мәселені бір реттік шарамен емес, жүйелі түрде шешіп отырғанына назар аударды. Яғни, қаржылық сауаттылықты арттырады, алаяқтардан қорғайды және бизнеске жол ашады.

«Біз «жалақы – төлем – жаңа қарыз» шеңберін бұзып жатырмыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы адамға үш түрлі тірек болып отыр: білім беру, құқықтық тұрғыда қорғау және берешекті өтеудің ыңғайлы жаңа кестесін әзірлеу. Президент жобаны жалғастыру жөнінде нақты міндет қойды. Сондықтан жобаны алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Біз үшін оқу сертификаты емес, нәтиже маңызды. Отбасылар қарыз қамытынан құтылуы керек және несиеге өмір сүрмеуге тиіс», – деп атап өтті ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Дәулет Мұқаев бастаманың ауқымына және азаматтар алдындағы жоғары жауапкершілікке баса назар аударды. Оның айтуынша, биыл ақпан-тамыз айлары аралығында 110 мыңнан астам адам заңгерлік көмек алды. Ал Call-орталыққа күн сайын үш мыңға жуық қоңырау шалынады.

«AMANAT» партиясының Астана қаласындағы кеңсесінде қырыққа жуық заңгер жұмыс істейді, өңірлерде тағы ондаған маман еңбек етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобамызға бірнеше рет қолдау көрсетті. Оның әрбір айтқан сөзі – біз үшін үлкен жауапкершілік. Былтырдың өзінде 845 мың адамға көмек көрсеттік, ал биыл 1 миллион қазақстандықты қамтығымыз келеді», – деді ол.

Сондай-ақ Д. Мұқаев цифрландыру мәселесі Мемлекет басшысы Жолдауының өзегіне айналғанына назар аударды. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасы цифрлық құралдарды белсенді енгізуде. Жасанды интеллект элементтері бар пилоттық жүйе азаматтар шалған қоңырауды өңдеуге және тиісті маманға қосуға, кездейсоқ қоңырауларды анықтауға, қолдау көрсетуді қажет ететін адамдарды адвокаттарға жолдауға көмектеседі.

Өз кезегінде, «Қарызсыз қоғамның» атқарушы директоры Олжас Ордабаев жоба қарапайым кеңес беру шеңберінен шығып, азаматтарды толғандырған мәселе бойынша істің басынан аяғына дейін қолдау көрсететін толыққанды жүйеге айналғанын айтты. Жоба мамандары телефон арқылы кеңес берумен ғана шектелмейді: олар талап-арыздар әзірлейді, ЭЦҚ алуға көмектеседі, банкроттықты рәсімдеу кезінде азаматтарға қолдау көрсетеді, ал алаяқтық фактілері анықталған кезде материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігіне және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдайды.

«Биылдың өзінде бізге жалпы қарыз жүктемесі 28 миллиард теңгені құрайтын 40 мыңнан астам адам жүгінді. Мамандарымыздың араласуы арқылы миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болды. Бірде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталды, енді бірде төлем кестелері түзетілді. Бұл жай ғана сандар емес, біз келер күнге деген сенімін қалпына келтірген адамдардың тағдыры», – деді ол.

О. Ордабаев «Қарызсыз қоғам» жобасында оқу бөліміне көп көңіл бөлінетінін атап өтті: қарыз қамытынан құтылу, сауатты бизнес-жоспар әзірлеу және грант бағдарламаларын пайдалану туралы 24 онлайн-сабақ әзірленді. Оқудан соң жеңілдікпен несие берілетін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы көп адамға қолдау көрсетіледі. Осылайша, олар жеке кәсібін ашады.

«Мектеп қабырғасында қаржылық сауаттылық туралы жеке пән пайда болуы үшін арнайы оқу құралдарын әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Бұл – әр балаға қажет дағды. Бүгін біз оның салдарымен күресіп жатырмыз. Алдағы уақытта балалардың қаржылық сауатын мектеп қабырғасынан бастап арттыруымыз қажет», – деді ол.

Жоба заңгерлері күн сайын түрлі ауыр жағдайға тап болады. Мәселен, Нарима Асаинова қайта құрылымдау және банкроттықты рәсімдеу кезінде борышкерлерге көмек көрсетеді. Оның тәжірибесінде банктер қайта қаржыландырудан бас тартқан 11 миллион теңге қарызы бар клиент болды. Алайда оның жоғары дайындығы арқылы сот төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасын мақұлдап, қарыз жүктемесі айтарлықтай төмендеді. Нарима істі сотқа дейін жеткізу – мәжбүрлі шара болғанын атап өтті. Алайда бұл – Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудың жарқын дәлелі. Яғни, әр адам құқықтық салада әрекет ету арқылы өз мүддесін қорғай алады. Жоба заңгері Нұркен Сегізбай сот орындаушысы бір әйелдің барлық жалақысын ұстаған жағдайды еске түсірді. Дегенмен, заңға сәйкес қаражат өндіру қадамы табыстың жартысынан аспауы керек. Жоба командасы жедел шағым әзірлеп, заңсыз әрекеттердің күшін жойды және заңсыз есептен шығарылған қаражатты қайтарды. Бүгінде аталған азамат қарыздарды қайта құрылымдау рәсімін жалғастыруда.

Осы оқиғалар «Қарызсыз қоғам» жобасы тек статистика мен ауқымды цифрлар емес екенін дәлелдейді. Әр істің артында сенім пен әділдікті қалпына келтірген адамдар тұр. Бұл – қаражатты заңсыз ұстап қалу фактісін  алдын алудың, сот арқылы қарыз жүктемесін азайтудың немесе өмірді жаңа парақтан бастаудың жаңа мүмкіндігі.

Жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 862 084 өтініш қаралған. Оның ішінде 422 421 өтініш – несиелерді қайта құрылымдау; 258 625 өтініш – шотты бұғаттан шешу; 34 483 өтініш – соттан тыс банкрот деп тану; 862 өтініш – төлем қабілетін қалпына келтіру; 345 өтініш – сот арқылы банкрот деп тану;  145 347 өтініш – басқа қызметтер (алаяқтық, өзгерту, еңбекке орналастыру, жалпы сұрақтар, кейінге қалдыру, коллекторларға шағым, ҚНРДА өтініш, ҚМА өтініш, кешіру) бойынша берілген.

Өтініштердің 405 179-і қала тұрғындарынан болса, 456 905-і ауыл тұрғындарынан түскен. 517 690 өтінішті әйелдер, 344 394 өтінішті ерлер берген.

Өтініш берушілер арасында жастар белсенді болып тұр. 18-35 жас аралығындағы жастар 351 730 өтініш, 36-49 жас аралығындағы азаматтар 309 488 өтініш, 60-63 жас аралығындағы тұрғындар 167 244 өтініш, ал 64 жастан асқан қарттар 33 621 өтініш берген.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы 2 мамырда 12 банктің және 11 мемлекеттік органның қолдауымен бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттық кезінде көмектесу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Барлық кеңес тегін беріледі, заңгерлер әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттейді.

Курсқа qogamfin.kz сайты арқылы жазылуға болады. Оқыту курсы күндізгі форматта өткізіліп, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Жобаның Call-орталығы әр жұмыс күні 9-00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу үшін: +7 700 855 85 85. WhatsApp үшін: +7 700 023 01 44.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары