Қараша айында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің ішкi саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Онда құқықтық мемлекеттің іргетасы және азаматтардың қоғамдық әрі жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің базалық шарты ретінде «Заң мен тәртіп» қағидаты айқындалған. Осы қағидатты прокуратура органдары қалай іске асырып жатқаны туралы Бас прокурор Берік Асылов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтып берді.
– Берік Ноғайұлы, жоғары қадағалау, жалпы прокуратура жүйесіндегі жаңашылдық туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі сын-қатерлердің өскеніне қарай прокуратура да өз қадағалау тетіктерін жетілдіріп отырғанын көріп отырмыз.
– Иә, расында да, бүгінгі трансформациялық үдерістер қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, жеке қауіпсіздігі және құқықтарының қорғалуын, сондай-ақ олардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету. Бұл үдерістердің идеологиялық негізі – Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымы. Бұл қағидат қоғамдық құқықтық сананы жаңартудың негізі бола отырып, халықтың жан-жақты қолдауына ие.
Маусым айында құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы осы идеологеманы ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажеттілігіне назар аударды. Бұл тезис Президенттің қараша айындағы Жарлығында жалғасын тапты. Онда «Заң мен тәртіп» қағидаты соттар мен құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмысы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру арқылы жүзеге асырылады.
Осы мақсатта прокуратураның қызмет форматы қайта пайымдалып, адамға бағдарлану және уақтылы іс-қимыл жасауға баса назар аударылады. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары конституциялық құндылықтары болып саналатындықтан, сервистік тәсілді жақсарту мақсатында қадағалау функциялары жетілдіріліп, IT шешімдер енгізіліп жатыр.
– Қадағалау қызметінде «адамға бағдарланған» және сервистік тәсіл қалай көрініс табатынын айтып өтсеңіз?
– Адамға бағдарланғандық – заңдылықты қамтамасыз етудің негізгі бағыты және қадағалау қызметінің басты өлшемі. Бұл қағида Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасынан
туындайды. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» бұл Президенттің берік ұстанымы және барлық мемлекеттік органға қойып отырған талабы.
Қадағалау қызметінің басты көрсеткіші – азаматтар мүддесінің қорғалуы және жұмыстың нәтижелі болуы. Сондықтан әлеуметтік сала, еңбек, тұрғын үй, денсаулық сақтау, экология және өзге де салаларда азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша мән беріледі және әртүрлі себеппен құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын адамдарда прокуратураның басты назарында. Мысалы, биыл прокурорлардың күшімен 2 млрд теңгеден аса жалақы борышы өндіріліп алынды.
Әртүрлі салада балалардың құқықтарын қорғау басымдылыққа ие. Балалардың алиментті уақтылы алуы ерекше бақылауда. Биыл прокурорлардың араласуымен 15 млрд теңгеден аса алимент борышы өндірілді. Жұмыспен қамту мекемелері мен кәсіпкерлердің күшімен жұмыссыз 8 мыңнан аса алимент төлеуші жұмысқа орналастырылды. Прокурорлар 2 мың балалар үйі тәрбиеленушісінің тұрғын үйге құқықтарын қалпына келтірді, олардың 675-сі баспаналы болды.
Прокурорлар қылмыстық процеске қатаң бақылау жасайды, өйткені азаматтар осы мәселе бойынша жиі шағымданады. Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының негізгі процестік шешімдерін бекіте отырып, мән-жайға және жиналған дәлелдемелерге айыптайтын да, ақтайтын да баға береді. Егер қылмыс құрамы болмаса немесе адамның кінәсін дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз болса, қылмыстық қудалауды тергеудің бастапқы кезеңінде-ақ тоқтатады. Орта есеппен жыл сайын тергеп-тексерілетін қылмыстық істің 35–40%-ы тоқтатылады. Тек кейінгі бес жылда прокурорлар 14 мыңнан аса адамға қатысты негізсіз қылмыстық қудалаудың жолын кесті. Енгізілген наразылық бойынша 868 адамға қатысты сот үкімдері мен қаулылары заңға сәйкестендірілді, 134 сотталған адамның жағдайы жақсартылды, олардың жазасы, оның түрі мен мерзімі жеңілдетілді.
Прокурорлардың бастамасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары құрылып, жалақы төленіп жатыр. Бас бостандығынан айырылғандардың 65%-дан астамы еңбекпен қамтылған, медициналық көмек, білім сапасы жақсара түсті.
Біздің бастамамызбен «Еңбек» республикалық мемлекеттік және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қатысуымен консорциум құрылды. Үйлестіру жұмыстарымен пробациялық бақылауда тұрған, сондай-ақ қылмыстық-атқару мекемелерінен босатылған 3 мыңнан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілді, ал 44 адамға өз ісін ашу үшін өтеусіз гранттар берілді.
– Прокуратура органдары инвесторларды қорғау үшін ауқымды жұмыс атқарады. Бизнесті қорғау үшін жалпы не істеліп жатыр?
– Заңды кәсіпкерлікті қолдау, оның ішінде инвесторларды қорғау экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Прокурорлардың міндеті – бизнес үшін қолайлы құқықтық жағдай жасау, мемлекеттік органдар мен монополистер тарапынан болуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алу.
Инвесторларға құқықтық қолдауды күшейту мақсатында заң жүзінде прокурорлық сүзгі енгізілді. Енді бірде-бір мемлекеттік органның прокурормен келіспей, инвесторды тексеруге, әкімшілік жауаптылыққа тартуға, қызметін тоқтатуға, лицензияларды кері қайтаруға, келісімшарттарды біржақты бұзуға немесе сотқа талап қоюға құқығы жоқ. Бұл шаралар инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды үш есеге қысқаруға мүмкіндік берді.
Прокурорлардың инвестициялық жобаларды сүйемелдеуі 3 трлн теңгеге 200-ден аса жобаны іске қосуға, 15 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Мәселен, прокуратура органдарының арқасында Ұлытау өңіріндегі темір-марганец кен орнына 1,4 млн доллар инвестиция салған шетелдік инвестордың меншік құқығы қалпына келтіріліп, мүлкін заңсыз иемденген адамдарға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы «Aktau Mall» ЖШС-ға инвестициялық нысандарын қала инфрақұрылымына қосуды жеделдетуге ықпал етті. Компанияның инвестиция көлемі – 20 млрд теңге, 1 500 жұмыс орны ашылды.
Абай облысында прокуратураның қолдауымен «DiNur» ЖШС инвесторына күнбағыс майын өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруға жер учаскесі берілді. Шығыс Қазақстан облысында Бас көлік прокуратурасының араласуынан кейін «Востокмашзавод» АҚ вагондардың бос тұрғаны үшін заңсыз есептелген 3,9 млрд теңге төлемнен босатылды.
Бүгінде прокурорлар 76 трлн теңгеден аса инвестиция салған 2 мыңға жуық инвесторды сүйемелдеп отыр. Бұл жұмысқа Президенттің тапсырмасы бойынша құрылатын Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет қосымша серпін береді.
Кәсіпкерлікті дамыту азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздықты азайтуға ықпал ететінін, бұл өз кезегінде елдегі криминогендік жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізетінін тағы да атап өткім келеді. Биыл қылмыстық құқықбұзушылық 9%-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыс 62%-ға төмендеді, көше қылмысы 8%-ға кеміді. Кәсіпкерлерді қылмыстық процестерге тарту жағдайы да түбегейлі азайды: мысалы, 2021 жылы 1,5 мыңнан аса іс тіркелсе, биыл небәрі 231 іс тіркелді. Жалпы, прокурорлар 140 мың кәсіпкердің құқығын қорғады.
– Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы қандай нәтиже берді?
– Бүгінгі таңда прокуратура органдары заңсыз шығарылған 1,3 трлн теңгеден аса соманың активтерін қайтару бойынша шаралар қабылдады. Жекелеген субъектілер 5,2 трлн теңгеге 12 ірі инвестициялық жобаны, сондай-ақ 120 млрд теңгеден аса сомаға 59 әлеуметтік жобаны іске асырып жатыр.
Қайтарылған активтер халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Осы қаражат есебінен шамамен 480 млрд теңгеге 434 нысан салынып жатыр. 180 медициналық нысан құрылысы шалғай ауылдарды шұғыл медициналық көмекпен қамтамасыз етеді, 11 білім ұйымы мен 5 спорт кешені өскелең ұрпақтың дамуына жағдай жасайды. 217 сумен жабдықтау объектісін жаңғырту ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы әуежайларды қайта салу осы өңір тұрғындарының жүріп-тұруы мен туристік әлеуетін арттырады.
Қайтарылған қаржы есебінен 108 әлеуметтік нысан салынып бітті. Оның ішінде 25 фельдшерлік-акушерлік пункт, 15 медициналық пункт, 13 дәрігерлік амбулатория және 2 аурухана бар. Олардың көпшілігі ауылдық жерде орналасқан.
– Прокурорлар өз жұмысында қандай жаңа технологияны қолданады?
– Әлемде киберқылмыстың өсу үрдісі байқалады. Біз де оған қарсы күресу мақсатында цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатырмыз. Ұлттық банк жанындағы Антифрод орталығы тиімді жұмыс істейді. Оның көмегімен кибералаяқтар азаматтарымыздан жымқырмақ болған 2,3 млрд теңге бұғатталды. Оның ішінде 1,9 млрд теңгені аударуға жол берілмеді, ал қылмыскерлер мен олардың делдалдарының шотына аударылған шамамен 500 млн теңге жәбірленушілерге қайтарылды. 138 топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Олар интернетте деректер жинау, адамдар табу, байланыс құралдарын сатып алу және техникалық қолдау, ұрланған қаражатты аудару мен қолма-қол қаражатқа айырбастау заңсыз әрекеттерімен айналысқан. Бір мезгілде мыңдаған азаматымызға жаппай қоңырау шалатын sim-box құралдары анықталып жатыр. Биыл осындай 100-ден аса құрылғы тәркіленді, ішінде шетел азаматтары да бар құқық бұзушылар ұсталды.
Прокуратура «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, Антифрод-Call орталығын іске қосты. Оның көмегімен 180 мыңнан аса қоңырау бұғатталды. Шетелдік әріптестермен бірге 10 алаяқтық Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Цифрлық шешімдер құқық тәртібін қамтамасыз етудің басқа бағыттарына да енгізіліп жатыр. Мәселен, жазатайым адам өліміне әкеліп соғып жатқан жол-көлік оқиғалары үлкен резонанс тудырып отыр. Бұндай оқиғаларға жасалған талдау олардың басты себебі жол-көлік ережелерін жиі бұзу, қауіпті жол учаскелерінде сақтық шараларын сақтамау, жүргізушілердің шаршауы, денсаулықтың жарамсыздығы, оң рульді немесе техникалық ақауы бар көлікті заңсыз жүргізуінде екенін көрсетті.
Жақында өткен үйлестіру кеңесінде барқатар шаралар қабылдадық, заңнаманы жетілдіре түсеміз. Жол полициясы органдары мен жол қозғалысына қатысушыларды осындай және өзге де қауіптер туралы алдын ала хабарлайтын ведомствоаралық автоматтандырылған жүйе енгізу жоспарлануда.
Құқық бұзушылықтардың уақтылы алдын алу мақсатында жасанды интеллект элементтері бар бірқатар инновациялық жүйені енгіздік. Соның бірі – «Цифрлық қадағалау» платформасы. Бұл жүйеге мемлекеттік органдардың базалары, ақылды бейнекамералар және дрондар қосылған.
Жасанды интеллект арқылы іздестіруде жүрген адамдардың цифрлық іздерін мемлекеттік шекарадан өту, мекемелерден қызмет алу кезінде, қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларына түсіп қалған кезде анықтауға болады. Биыл 5 мыңға жуық іздестіруде жүрген адам табылды. «Цифрлық қадағалау» жүйесі арқылы қылмыстар, әкімшілік құқықбұзушылықтар, пенитенциарлық жүйе және қадағалаудың басқа да салаларында есепке алу-тіркеу тәртібінің сақталуы заңдылығын қамтамасыз етуде IT шешімдер кеңінен енгізіліп жатыр.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы құрылды. Орталық жуырда автокөлік жүргізушілеріне айыппұлды желеу етіп жіберілген жалған хабарламалар түріндегі ықтимал фишингтік шабуылдарды алдын ала анықтап, ескерткен еді. Кейін бұл дерек расталды. Сондай-ақ комитетте синтетикалық есірткі өндіруде химиялық реагенттерді пайдалануға жол бермеу үшін оның жеткізілуіне бақылау жасайтын Таргетинг орталығы жұмыс істейді. Бұл – АҚШ және Еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша құрылған, химиялық прекурсорлардың әкелінуі, оның ішкі айналым туралы деректерді жинап, талдайтын, синтетикалық және өзге де есірткілердің заңсыз айналымымен күрес саласындағы үдерістерді анықтайтын заманауи талдамалық құрылым.
Өңірлерде де прокурорлар цифрлық жобаларды белсенді енгізіп жатыр. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Жуырда «Х» парақшамда Шымкент қаласы прокуратурасының отандық IT-мамандармен бірлесіп жасаған есірткі сатушыларды анықтауға арналған «Crypto Trace» және «ProkAi» инновациялық құралы туралы пост жарияладым. Бұл жүйелерді еліміздің барлық өңірінде кеңінен қолданамыз.
Алматы облысының прокуратурасы «Kundelik» платформасында оқушылардың құқықтарын қорғау бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Мақалалар мен бейнематериалдар орналастырып, буллингке, оның ішінде кибербуллингке, зорлық-зомбылықтың өзге де түрлеріне қарсы онлайн-вебинарлар өткізеді. Платформадағы QR-код арқылы оқушылар тікелей прокуратураға жүгіне алады.
Киберқауіпсіздік саласында мамандар даярлау мақсатында 2026 жылдан бастап Бас прокуратураның Құқық қорғау органдары академиясында кибертехнологиялар мен жасанды интеллект кафедрасы, цифрлық криминалистика және ақпараттық қауіпсіздік зертханасы ашылады. Академияның оқу үдерісіне ақпараттық қауіпсіздік негіздері, цифрлық криминалистика, криптовалютаға байланысты қылмыстарды тергеп-тексеру бағдарламалары енгізілді. 400-ден аса құқық қорғау қызметкері «Кибер-офицер» мамандығы бойынша оқу курсынан өтті.
– Жоғары қадағалау органының халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі күннен-күнге артып келеді. Жұртшылықпен жұмыс барысында қаншалықты ашықтық бар?
– Прокуратура органдарының қызметкерлері масс-медиада тұрақты түрде сұхбаттар беріп, әлеуметтік желілерде, азаматтармен кездесулерде халықты толғандыратын мәселелер бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді. Осындай коммуникацияның бір түрі – азаматтарды жеке қабылдау. Онда көбіне адамдар проблемалық мәселелерімен және ұсыныстармен келеді. Биылдың өзінде жеке қабылдауға 63 мыңнан аса азамат келді, басшылық 42 мыңнан аса адамды қабылдады. Азаматтарды қабылдау орталықтарына 20 мыңнан аса адам жүгінді.
Біз үнемі офлайн-консультациялар өткіземіз. «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында прокурорлар әртүрлі мәселе бойынша құқықтық көмек көрсетеді. Қазан айында 250 елді мекенде әділет органдары және «Zakon.kz» құқықтық порталының өкілдерімен бірлесіп 120 мыңнан аса адам қамтылған «Халықтық заңгер» акциясын өткіздік. «Ашық есік күндерін» де жүйелі түрде өткіземіз. Әдетте бұндай іс-шараларға 3–4 мыңдай адам келеді. Ал «Көшпелі қабылдау» жобасы шеңберінде 14 мыңнан аса адам құқықтық көмек алды.
Қарағанды облысында мектеп оқушылары мен студенттер арасында жастардың құқықтық сауатын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Құқық әліппесі» жобасы іске асырылып жатыр. Осындай іс-шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде біліп отыруға септігін тигізеді. Адамдар әлеуметтік жәрдемақыны, мұрагерлікке құжатты ресімдеу мәселесі сияқты түрлі проблемамен жүгінеді. Кейде ақылдасу немесе толғандырып жүрген мәселесін айтып, моральдық қолдау алу үшін де келеді. Мұндай кабинеттен тыс жерде өткізілетін кері байланыс халықты алаңдататын мәселелерді көрсетеді. Сонымен қатар азаматтарға алаяқтар мен қаржы пирамидаларының торына түсіп қалмау, есірткінің қауіптілігі туралы, балаларды буллингтен және әлеуметтік желілердегі қауіптерден қорғау жолдары туралы түсіндіреміз. Мұндай шаралар азаматтарға ыңғайлы уақытта, әдетте, ірі сауда орталықтарында және адамдар көп жиналатын орындарда өткізіледі.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күреске жұртшылықты, әсіресе жастарды белсенді тартып отырмыз. Белсенді жастар мен отандық кинематограф және эстрада өкілдерінің қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы өтіп жатыр. Еріктілермен және әкімдіктердің коммуналдық қызметтерімен бірге «есірткі-граффиттері өшіріледі.
Шығыс Қазақстан облысында прокуратураның бастамасымен есірткі құқық бұзушылығы туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру қоры жұмыс істейді. Қазіргі таңда осындай 12 хабарлама түсіп, 3 килограмға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді, 12 күдікті ұсталды. Хабарлағандарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы төленді.
– Берік Ноғайұлы, әңгімемізді қорытындылай келе, кәсіби мереке қарсаңында қызметкерлерге қандай тілек айтар едіңіз?
– Бүгінде Қазақстан прокуратурасы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етудегі конституциялық миссиясын абыроймен атқарып келеді. Құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілетуін үйлестірудегі барлық күш-жігеріміз Әділетті Қазақстан құру стратегиялық мақсатына бағытталған.
Кәсіби мереке қарсаңында прокурорларға, қызметкерлерге, ардагерлерімізге заңға қызмет етудегі адалдығы үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын және жұмыста табыс тілеймін.
Әңгімелескен – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»