Астанада әскерге шақыру мәселелеріне арналған кеңес өтті

Астанада әскерге шақыру мәселелеріне арналған кеңес өтті
gov.kz

Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштерді жас сарбаздармен қамтамасыз ету қорытындылары және күзгі шақыру науқаны аясында азаматтарды Ұлттық ұланға шақыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырысқа Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов төрағалық етті.

Кеңеске Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Ұлттық ұланның, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары қатысты.

Бас штаб бастығы биылғы 30 қыркүйек пен 30 қараша аралығында әскерге 10 мыңнан астам адам шақырылғанын хабардар етті. Шақыру жоспарын уақтылы, әрі сапалы орындағаны үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне алғыс білдірді.

– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру үдерісі Үкіметтің тұрақты бақылауында. Биылғы шақыру науқанының қорытындылары бойынша Қорғаныс министрлігі жергілікті атқарушы органдардағы шақыру комиссияларының жұмысына объективті баға береді, – деп түйіндеді генерал-лейтенант С. Қамалетдинов.

Өз кезегінде Бас штаб бастығының орынбасары – Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков кейбір өңірлердегі, әсіресе Қызылорда облысындағы нәтижелердің қанағаттанарлықсыз деп атап өтті. Әскери командаларды жөнелтуді жүйелі түрде қайта бөлу және кейінге қалдыру жағдайлары болған. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің мәліметінше, кейбір жергілікті атқарушы органдар шақыру ресурстарын әдейі төмендеткен. Бұл жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына кері әсерін тигізді.

Шақыруға жататын азаматтардың жиын пункттеріне келмеуі мәселесіне тоқталған Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскерден жалтарушыларды жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты.

Әскери бөлімдерді қысқа мерзімде экстерриториялық принцип бойынша жасақтауды ескере отырып, Ұлттық ұланның шақыру, медициналық комиссиялары мен аумақтық ішкі істер органдарының жұмысын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Қолданыстағы кестеге сәйкес, ҚР Ұлттық ұланын жасақтау 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жыл соңына дейін бұл әскерге 7 мыңнан астам адам шақырылады.

Кеңес қорытындысы бойынша шақыру және медициналық комиссиялардың жұмыс сапасын арттыру, жиын пункттерінде тиісті жағдай жасау, сондай-ақ командаларды уақытылы, әрі ұйымдасқан түрде жасақтау қажеттігі атап көрсетілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары