Бірқатар депутат аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтата тұру қажет деп есептейді

/
Бірқатар депутат аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтата тұру қажет деп есептейді
сурет: parlam.kz

Қазақстанда кейінгі жылдары жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі бағыттарының бірі – жергілікті басқаруды демократияландыру. Ауыл, аудан және қала әкімдерін сайлау тәжірибесі қоғамда үлкен серпіліс тудырғаны белгілі. Алайда бұл жүйені жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектенов пен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке жолдаған депутаттық сауалында аудан әкімдерін тікелей сайлау үдерісін уақытша тоқтата тұруды ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, сайлау халықтың үмітін оятатын, нақты нәтиже күтілетін маңызды саяси процесс болуы керек. Соңғы бес жылда ауыл әкімдерін сайлау толығымен жүзеге асырылып, жергілікті тұрғындардың сенімі артқаны байқалады.

– Ауылдық жерлерде саяси мәдениет қалыптасып келеді, тұрғындар үдерісті қолдайды. Ендігі міндет – осы сенімді бекітіп, ауыл әкімдерінің өкілеттігін кеңейту, төртінші деңгейлі бюджетті тиімді қалыптастыру, – деді Саиров.

Ал аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі әзірге бірқатар сұрақ тудырып отыр. Ел бойынша 52 ауданның әкімі сайланғанымен, кейбірі бір жыл өтпей қызметтен кеткен. Мұндай тұрақсыздық халық сеніміне кері әсер етеді.

Сонымен қатар сайлау науқандарының шығыны да аз емес. Депутат келтірген дерекке сәйкес, биылғы алты аудан мен бір қала әкімін сайлауға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

– Қомақты қаржы бөлінеді, бірақ нәтижесі мен тиімділігі толық сараланбаған. Жергілікті әкімдердің уәде берген жобаларын жүзеге асыруына өкілеттік жеткіліксіз. Көп шешімдер облыстық деңгейде қабылданады. Бұл – сайлау мәнін төмендететін фактор, – деп атап өтті ол.

Ерлан Саиров аудан деңгейіндегі әкімдерді тікелей сайлауға байланысты нормаларды асығыс енгізбей, алдымен ауыл әкімдері институтын толық жетілдіру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда аудан басшыларын мәслихат депутаттары сайлағаны тиімдірек. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған модель.

– Менің ойымша, тиімді тұсы сараланбаған аудан әкімдерін тікелей сайлау әлі ерте. Мемлекет қайраткері, бірнеше өңір басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов,  көптеген жыл Үкіметте істеп, облыс басқарған Альберт Рау, Дүйсенбай Тұрғанов, бірнеше аудан мен қала басқарған Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Ұласбек Сәдібеков сынды депутат әріптестерім де аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтата тұру қажет деп санайды. Сондықтан асығыстық танытпай жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ең бастысы Жергілікті өзін-өзі басқару, Мемлекеттік қызмет, Сайлау, Өңірлерді дамыту туралы көптеген заңдарға қажетті нормаларды енгізгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауына – саяси мораторий жариялаған жөн деп білеміз. Тағы да қайталап айтамын, бұл ұсыныс сайлау процесін шектейтін емес, керісінше халықтың сайлауға деген сенімін арттырудағы негізгі әрі қажетті шешім, – деп қорытындылады депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары