Ақтау қаласында үшем дүниеге келді

/
Ақтау қаласында үшем дүниеге келді
istockphoto.com

Маңғыстау облысының 26-шағынаудандағы перзентханасында дәрігерлер күрделі шұғыл операция жүргізіп, нәтижесінде үшем дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

34 апталық жүктілікпен түскен әйелге «дихориальды триамниотикалық үшем» диагнозы қойылған. Жағдайды бұрынғы кесарь тілігінен қалған жатырдағы тыртық және I дәрежелі семіздік қиындатқан. Бұл факторлар операция мен анестезияға қатысты тәуекелдерді айтарлықтай арттырғандықтан, мамандар жедел түрде хирургиялық араласу жасауды ұйғарды.

Операция сәтті өтіп, салмағы 2 360 грамм ұл бала және 2 650 және 2 660 грамм салмақта екі қыз дүниеге келді. Дәрігерлердің айтуынша, ананың да, нәрестелердің де жағдайы тұрақты және қанағаттанарлық.

«Әрбір осындай жағдай тәжірибенің, жедел шешім қабылдаудың және команда жұмысының маңызын көрсетеді. Біз үшін бұл – ең қуанышты сәттердің бірі», – деп атап өтті медицина қызметкерлері.

Перзентхана мамандарының мәліметінше, ана мен үшемдер медициналық бақылаудан кейін үйіне шығарылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары