Астананың болашақ аспаздары Түркияда өткен халықаралық фестивальде топ жарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алты жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан GASTRO ANTALYA халықаралық фестивалі – әлемнің үздік аспаздары мен кондитерлерін бір алаңға жинайтын, беделі биік, бәсі жоғары дода. Бұл фестиваль өз мәртебесін баяғыда-ақ қалыптастырған. Соңғы алты жылдың ішінде мұнда 25 елден келген 4000-нан астам кәсіби маман мен жас шеберлер бақ сынап, тәжірибе алмасып үлгерген.
Биыл осы айтулы іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжі мен Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің аспазшы мамандары мен студенттері қатысып, жоғары нәтижелерімен көзге түсті.
Технологиялық колледждің өндірістік оқыту шебері Байжігіт Болысхан мен студент Ләззат Асланқызы «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша сынға түсіп, халықаралық деңгейде бірінші орын иеленді.
Ал Технологиялық колледж бен Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің жас шеберлері –Манас Сқақ пен Ескендір Салықов өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп, екі алтын, екі күміс медальға ие болды.