Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель бастаған өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz
Кездесу барысында тараптар компанияның Ақтөбеде төртінші зауытын салуға дайындық барысын, инженерлік-инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелерін және жобаны табысты іске асыру үшін қажетті жағдайларды талқылады.
Асхат Шахаров халықаралық инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Ақтөбе облысының елеулі экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетке, сондай-ақ инвестициялар үшін қолайлы жағдайларға ие екенін айтты.
«Біз Coca-Cola-ның жаңа зауытының құрылысы өңір экономикасының дамуына қуатты серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашатынына және заманауи экологиялық таза технологияларды енгізілуіне ықпал етеді деген сенімдіміз. Біз жобаны іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзінше, өңірдің Түркия Республикасымен ынтымақтастығы оң динамиканы сақтап келеді. Биылғы жылдың тоғыз айында Ақтөбе облысының Түркиямен сыртқы сауда айналымы 71,2 млн АҚШ долларын құрады, оның 58,4 млн доллары - экспортқа, 12,8 млн доллары - импортқа тиесілі.
Өз кезегінде Вели Динчель жобаның өндіріс көлемін ұлғайтуға және компанияның Қазақстандағы нарықтық орнын күшейтуге айырықша үлес қосатынын алға тартты.
Зауыт құрылысына облыс әкімдігі Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік айналма жолы бойынан 25 гектар жер телімін ұсынды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталады деп жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 120-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын экологиялық таза технологияларды және қалдықтарды басқарудың халықаралық стандарттарын қолданады, бұл оны өңірдің тұрақты өндірістік экожүйесіне интеграциялауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында түрік инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар бар. Соның ішінде S Sistem Lojistik Ltd. компаниясы жылына 12 мың тонна қуаттылықпен, 19 млрд теңге инвестиция көлемімен, 180 жұмыс орнын құруды қарастыратын көлік-логистикалық хаб құрылысын жүргізіп жатыр.