Өскеменде шағын және орта бизнеске салық 2 пайызға дейін төмендетілді – «AMANAT»

/
Өскеменде шағын және орта бизнеске салық 2 пайызға дейін төмендетілді – «AMANAT»

Өскемен қаласында шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режимі бойынша мөлшерлеме 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Бұл бастама қалалық маслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мен кәсіпкерлер қауымдастығының ұсыныстары негізінде қабылданып, қалалық маслихаттың толық қолдауына ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

​Жаңа салық кодексі күшіне енгеннен кейін, Өскемен қалалық мәслихатындағы  «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені азайту мақсатында салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін көтерді. Мәселенің өзектілігі депутаттық фракция отырысында жан-жақты талқыланып, қала кәсіпкерлері қауымдастығымен қосымша келісілді. Кейін ұсыныс Өскемен қаласының әкімімен өткен жиналыста қаралып, қолдау тапты.

​Осылайша, әкімдік, қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы және бизнес өкілдерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қазан айының соңында Өскемен қаласы бойынша арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды.

​Бұл қадам 2026 жылдан бастап шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық мүмкіндігін кеңейтіп, өндірісті жаңғыртуға, қызмет түрлерін арттыруға, кәсіпорындарды дамытуға және жұмыскерлердің еңбекақысын тұрақты төлеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, салықтық жүктеменің төмендеуі өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің бағасын тұрақтандыруға оң әсер етеді.

— «Біз үшін басты мақсат — шағын және орта бизнеске нақты қолдау көрсету. Өскемен қаласы – бизнес белсенділігі жоғары өңір, сондықтан мұндай жеңілдік кәсіпкерлердің дамуына серпін береді. 2%-дық мөлшерлеме — бұл тек салықты азайту емес, бұл жаңа мүмкіндік, жаңа серпін. Біздің міндет — бизнестің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, ал кәсіпкерлер — қаланың экономикалық тірегі. Сондықтан осы шешім қала экономикасына оң ықпал ететініне сенімдіміз», — деді Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі  Александр Светаш.

Шағын және орта бизнеске жататын кәсіп түрлеріне мыналар кіреді:

•​дүкендер мен азық-түлік павильондары;

•​кофеханалар мен шағын мейрамханалар;

•​шаштараздар мен сұлулық салондары;

•​киім мен аяқ киім жөндеу шеберханалары;

•​тұрмыстық техника жөндеу орталықтары;

•​автосервистер мен шиномонтаж;

•​курьерлік қызметтер;

•​фитнес-студиялар;

•​балаларға арналған үйірмелер мен дамыту орталықтары;

•​қолөнер шеберханалары және басқа қызмет көрсету орындары.

​«AMANAT» партиясы бұл бастама өңір экономикасын нығайтуға, шағын кәсіпкерлікті қолдауға және әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің бағасын тұрақтандыруға тиімді құрал екенін атап өтеді. 

Сондықтан, Шығыс Қазақстан облысындағы барлық қала және аудан мәслихаттарының депутаттарын, қараша айында жоспарланған сессияларда, шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету туралы мәселені қарап, қолдау көрсетуге шақырамыз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары