Қазақстанда тұрғылықты жер бойынша тіркеу тәртібі өзгерді

/
Қазақстанда тұрғылықты жер бойынша тіркеу тәртібі өзгерді
Азаматтарға арналған үкімет

24 қарашадан бастап Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің жаңа қағидалары күшіне енеді. Енді қызметті тек онлайн форматта — eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және жеке кабинетке тіркелген телефон нөмірі (МАБ) қажет.

Процедура толық автоматтандырылған және бар болғаны бірнеше минут уақыт алады. Сондай-ақ ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын пайдалануға болады.

Қызметті кімдер ала алады:

- Қазақстан Республикасының азаматтары, оның ішінде тұрғын үй иелері.

- Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе шектеулі әрекетке қабілетті деп танылған 18 жастан асқан азаматтардың қамқоршылары немесе заңды өкілдері.

14–16 жас аралығындағы балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері.

Маңызды: 14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркелмейді — олардың тұрғылықты жері ата-анасының немесе заңды өкілінің тұрғылықты мекенжайымен бірдей деп есептеледі.

Жеке санаттағы азаматтарды тіркеу тәртібі

14–16 жас аралығындағы балаларды ата-аналары немесе заңды өкілдері тіркейді.

Кәмелет жасына толған әрекетке қабілетсіз азаматтарды — қамқоршылары eGov.kz арқылы тіркейді.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйде тіркеу

Мемлекеттік тұрғын үйді жалдаушы тек жалдау шартына енгізілген адамдарды ғана тіркей алады.

Егер өтініш берушінің аты-жөні келісімшарттағы тізімде болмаса, жүйе өтінімді автоматты түрде кері қайтарады.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйдегі тіркеуге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органға (ТҮКШ) жүгіну қажет.

Егер өтініш беруші өзіне тиесілі емес мекенжай бойынша тіркелетін болса, жүйе 1414 нөмірінен SMS-код жібереді.

Тұрғын үй иесі келісімін бір сағат ішінде растауы тиіс.

eGov.kz порталы арқылы қызметті алу тәртібі:

1. Порталда авторизациядан өтіңіз.

2. «Азаматтарға → Азаматтық, көші-қон және иммиграция → Тұрғылықты жері бойынша тіркеу» бөлімін ашыңыз.

3. «Қызметті онлайн заказ беру» батырмасын басыңыз.

4. Өтінімді толтырып, оны ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы қол қойыңыз.

5. Өтінім мәртебесі жеке кабинеттегі «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде қолжетімді.

eGov Mobile қосымшасы арқылы тіркеу тәртібі

1. Қосымшаға кіріңіз.

2. «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін ашыңыз.

3. «Жылжымайтын мүлік және ТҮКШ» санатындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» қызметін таңдаңыз.

4. Мәліметтерді толтырып, тіркеу себебін көрсетіңіз.

5. Өтінімді қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растаңыз.

6. Мәртебені «Хабарламалар» → «Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.

Қандай жағдайларда офлайн-тіркеу қажет

Тіркеу тек ХҚКО-да жүргізіледі, егер мекенжай бойынша меншік иелері немесе үлескерлер арасында:

- кәмелетке толмаған балалар болса;

- сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе шектеулі әрекетке қабілетті деп танылған азаматтар болса.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары