«Кітап оқитын ұлт» жобасына Қарағанды облысынан 67 мыңнан астам адам қосылды

/
«Кітап оқитын ұлт» жобасына Қарағанды облысынан 67 мыңнан астам адам қосылды
istockphoto.com

«Кітап оқитын ұлт» жобасы басталғалы Қарағанды облысының тұрғындары байқауға ерекше қызығушылық танытуда. Бүгінге дейін облыс бойынша 67 438  адам тіркелді, оның ішінде: 30 534 оқушы, 7 862 студент, 17 000 педагог, 10 987 отбасы және 1 439 мемлекеттік қызметкер бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба қатысушылары арасында шынайы интеллектуалды бәсеке қалыптасып, кітап оқу дәстүрге айналып, өңірде жаңа мәдениет қалыптасуда. Аудандар мен қалалар арасында оқылған кітаптар саны бойынша көшбасшылар – Абай ауданы, Теміртау және Шахтинск қалалары.

Әр қала мен ауданында оқырман клубтары құрылып, қатысушылар оқыған шығармаларды талдап, байқауға дайындық үстінде. Бұл шаралар өңірлік кітапханалардың жұмысын жандандырып, қатысушылардың білім деңгейін көтеруге және сыни ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді.

Мысалы, Қарқаралы ауданының Сабыровтар отбасы кеш сайын оқыған кітаптарын бірге талқылап, қызықты тұстарын бөлісуді әдетке айналдырған.

«Жобаға қатысқалы бері телефонға мүлде уақыт бөлмейтін болдым. Бұрын әркім өз шаруасымен жүрсе, қазір бір шығарманың төңірегінде ой бөлісіп, бір-бірімізді тыңдаймыз», – дейді отбасының кішкентай мүшесі Сабыр Еркежан.

Ұстаздар да жобада белсенділік танытып отыр.

«Балалық шағымнан кітап оқуды жақсы көретінмін. Бірақ соңғы жылдары уақыт тапшылығы мен жұмыстың көптігіне байланысты сүйікті ісіме көңіл бөлмей қалғанмын. Енді қайтадан құлшыныс оянды, кітап оқудың қызығына қайта дендей бастадым. Қызығушылық болса, уақыт табуға болады екен», – дейді М. Жұмабаев атындағы гимназия мұғалімі Алтынбек Бекзат.

Жоба басталғанда мектеп оқушылары 15 кітапты оқуға көбсінгенімен, уақыт келе бұл мақсатқа қол жеткізудің мүмкін екеніне көз жеткізген.

«Тізімдегі кітаптарды бірден оқып шығу мүмкін емес. Бірақ мақсат қойып, жүйелі жоспар құрып, аз-аздан үздіксіз оқысаң, ештеңе қол жетпейтін емес. Театр үйірмесіне қатысамын, оқыған шығармамды сахнада кейіпкер ретінде елестетемін. Бұл кітаптар менің өнеріме шабыт береді», – дейді Мәмәли Тоқтамұрат, «Озат» мамандандырылған мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы.

«Мен үшін бұл байқау ақшалай жүлде емес, жан азығына айналды. Әр кітаптан алған әсерімді қағазға түсіріп, оқығанымды пысықтаймын. Кейіпкерлер мен авторлардың ойлары терең толғанысқа жетелейді. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде оқи отырып, көп пайда алдым», – дейді №2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Нұртілеу Назерке.

«Бір маусымда 15 кітап оқу – білімді ғана емес, тілдік қабілетімізді, сөздік қорымызды және аналитикалық ойлауды дамытады. Кітаптарды дебат форматында қорғау – ойды жүйелі жеткізуге, пікірталас мәдениетін меңгеруге және сыни ойлауды шыңдауға мүмкіндік береді. Мұндай жоба жастардың рухани дамуына бағытталған үлкен қадам», – дейді Е.А. Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінің 4-курс студенті Дилара Амангелдіқызы.

Жобаның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, білім мен руханиятқа деген сүйіспеншілікті арттыру. Қарағанды облысы осы бастамамен елімізде кітап оқу трендін қалыптастырып келе жатқан өңірге айналды.

Жобаны «Amanat» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қарағанды облысы әкімдігі жүзеге асыруда. Өңірлік демеуші – «RGB Group» және QNP компаниялары.

2025 жылдың қыркүйегінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық түрде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған болатын. Қазіргі таңда үш өңірде жобаға  189 мыңнан астам адам қатысуда,  жоба қорытындысы 2026 жылғы сәуірде шығарылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары