Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі балалар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Pavlodarnews.kz жазуынша, аймақта менингитке шалдығу көрсеткіші соңғы жылы аздап өсім көрсеткен. Ағымдағы жылдың басынан бері өңірде менингиттің 22 жағдайы тіркелген, олардың он бірі – балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 19 жағдай анықталған, оның он бірі балалар арасында болған.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, аурудың бұл түрі жыл бойы тіркелгенімен, көбеюі көбіне көктем мен жаз айларына келеді.
– Менингиттің өсуіне маусымдық факторлар, шомылу кезіндегі суықтау және алғашқы белгілерге дер кезінде мән бермеу себеп болуы мүмкін. Әсіресе балалар, жасөспірімдер және иммунитеті әлсіреген адамдар тәуекел тобында. Сонымен қатар, ұйымдасқан ұжымдарда – балабақша, мектеп және студенттік жатақханаларда жұқтыру қаупі жоғары, – деді ол.
Аурудың негізгі белгілері: жоғары температура, қатты бас ауруы, құсу, жарыққа сезімталдық, мойын бұлшықеттерінің сіресуі, әлсіздік, балаларда – құрысу және қатты ұйқышылдық.
– Менингит аса қауіпті ауру, оның ауыр түрлері тез дамып, есту қабілетінің жоғалуына, ми зақымдануына, талмаларға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған сәтте дереу дәрігерге қаралу қажет, – деді Батырбек Әлиев.
Мамандар аурудың алдын алу үшін келесі шараларды ұсынып отыр: адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу; ЖРВИ белгілері бар адамдармен қарым-қатынастан аулақ болу; ауа райына сай киіну, денені суықтатпау; қолды жиі және мұқият жуу; дұрыс тамақтану және иммунитетті күшейту; науқастармен байланыста болған адамдарға – дәрігер нұсқаулығын қатаң сақтау.
Айта кетейік, өңірдің медициналық ұйымдары науқастарды қабылдауға толық дайын. Қажетті төсек-орын, диагностика құралдары және дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәрігерлер тұрғындарды өзін-өзі емдеуден аулақ болып, кез келген күмәнді белгілер кезінде тез арада жедел жәрдем көмегіне жүгінуге шақырады.