3 баланы құтқарып қалған Көкшетау тұрғыны марапатқа ие болды

/
3 баланы құтқарып қалған Көкшетау тұрғыны марапатқа ие болды
Ақмола облысы ТЖД

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті мұз астына кеткен үш баланы құтқарып қалған Көкшетау тұрғынын марапаттады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомстованың мәліметінше, қала тұғыны Сергей Цупкин Қылтақты өзенінің жағасында серуендеп жүрген сәтінде мұз үстінде ойнап жүрген үш кәмелетке толмаған баланың суға құлағанын байқайды. Оқиға бір сәтте болған, алайда Сергей еш ойланбастан көмекке ұмтылып, балаларды судан шығарып алды.

Куәгердің жедел әрекетінің арқасында жеткіншектер жағаға шығарылып, жақын маңдағы жылы жерге жеткізілді. Артынша олар медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазіргі таңда олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ.

Әлеуметтік желілер арқылы табылған батыл тұрғын бастапқыда өзінің есімін жария етпеуге тырысқан. Дегенмен, оны Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментіне шақырып, салтанатты түрде алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ақмола облысы ТЖД бастығы Бақытжан Алашов Сергей Цупкинге үш адамның өмірін сақтап қалғаны үшін департамент атынан ризашылығын білдіріп, мұндай ерлікке кез келгеннің бара бермейтінін атап өтті. Алдағы уақытта Сергейдің ерлігі мемлекеттік наградаға ұсынылмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары