Қазақстанда обырды емдеудің жаңа әдісі енгізілді

/
Қазақстанда обырды емдеудің жаңа әдісі енгізілді
Үкімет

Қазақстанда протон терапиясы қолданыла бастады. Бұл – сәулемен емдеудің ең бір озық әдістерінің бірі. Оның артықшылығы сау тіндерге өте аз әсер ететінінде.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың аға медициналық физигі Алуа Қанатқызының айтуынша, аталған технология стандартты терапияларға қарағанда сау тіндерге сәуленің кері әсерін 60-70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Дәстүрлі сәулемен емдеу әдісіне қарағанда протондар өз энергиясының барлығына жуығын көзделген тереңдікте жұмсайды, яғни, тікелей ісіктің ішінде таратады. Бұл обыр жасушаларын, оның маңында орналасқан тіндерге тигізбей, жоғары дәлдікпен атқылауға мүмкіндік береді және сонысымен де ең бір тиімді әдіс саналады.

Жаңа емдеу кешені жылына 1 мыңға дейін ем-шара жүргізуге есептелген. Ол асқан дәлдікті қамтамасыз ету үшін жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандырылған, оның ішінде 360 градусқа бұрылатын жүйе мен роботты үстел бар.

«Протон терапиясы аурудың барлық кезеңінде жүргізіледі, десе де, енді өсіп келе жатқан ағза болғандықтан балаларды емдеуде, сондай-ақ бұрын алынған сәулелік терапияның қайталануы, яғни, рецидив кезінде қолданған әсіресе тиімді. Өйткені, ағза тіндері радиотолқынға қарсылық танытып, радиорезистентті элементтер бөледі. Ал протондар физикалық қасиетке ие болғандықтан, бұл иммунитетті жеңе алады», — деп атап өтті Алуа Қанатқызы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары