Алматы қаласында нәзік жандылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Аяулы жан» әлеуметтік жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар Қанатының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап іске асуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоба аясында Абылай хан даңғылы, 79 мекенжайында жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын консультациялық орталық ашылды. Бұл орталықта әйелдерге тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Наурыз айында әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың қоғамдағы рөлін күшейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізіліп, іс-шараға мемлекеттік орган, Полиция департаменті өкілдері, қоғам белсенділері мен белгілі сарапшылар қатысты.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, қазақ және орыс тілдерінде әлеуметтік бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды.
Сонымен қатар, 8 ай бойы WhatsApp және байланыс желісі арқылы азаматтардан келіп түскен 450-ден астам өтінішке кеңес берілді. Онлайн-консультацияларды жүргізу үшін білікті кеңесші-маман арнайы қызметке алынды.
Жоба шеңберінде дағдарыс орталықтары және Полиция департаментімен бірлесіп екі экспресс-консультация өткізіліп, қала жұртшылығының қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, «Медеу» мұз айдынында 200 жастың қатысуымен әлеуметтік флешмоб ұйымдастырылып, Ішкі істер министрлігі тарапынан жоғары бағаланды.
Достық даңғылы, 85 мекенжайында Алматы қаласы Полиция департаменті және дағдарыс орталықтарының қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларды қолдауға бағытталған ақпараттық акция өткізіліп, тегін консультациялар ұйымдастырылды.
Жалпы жоба барысында 8 ауданның әйел азаматтарын қамтыған шеберлік сабақтары өткізілді. Оларға 600-ден астам қатысушы қатысты.
Негізгі іс-шаралардың бірі ретінде «16 күн зорлық-зомбылыққа қарсы күрес» халықаралық акциясы (25 қараша – 10 желтоқсан) аясында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасымен келісілген 3000 дана ақпараттық брошюраның дизайны бекітіліп, оның 2000 данасы Полиция департаментімен бірлесе қоғамдық орындарда таратылып келеді.
Жоба аясында әйел азаматтарға ғана емес, отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар мен жасөспірімдерге де көмек көрсетілуде.
«Аяулы жан» жобасы – әйелдердің құқықтарын қорғауға және олардың қоғамдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Біз үшін ең бастысы – әрбір әйел өз құқығын біліп, сенімді әрі қорғалған сезінуі. Бұл жоба арқылы біз тек ақпарат беріп қана қоймай, қоғамда өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыруды көздейміз», - деді «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек.
«Аяулы жан» әлеуметтік жобасы – әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, әйелдердің құқықтарын қорғау және қауіпсіз қоғам құру – әділетті әрі мейірімді Қазақстанның басты бағдары болып қала береді.