Ақтөбе облысының Ақжар және Бөгетсай ауылында «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындарды партияның Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары, кәсіби заңгерлер, нотариустар, аудан әкімдігінің қызметкерлері қабылдады. Азаматтар көбіне жұмысқа орналасу, үйіне газ өткізу, құжаттарын рәсімдеу және баспана мәселесін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Партиядан көмек сұрап келгендердің бірі – Ақжар ауылының тұрғыны Гүлназ Арысмағанбетова. Көпбалалы ана төрт жылдан бері тұрып жатқан үйінің құжатын рәсімдей алмай жүр.
– Жолдасым екеуміз 7 бала тәрбиелеп отырмыз. Тұрып жатқан үйіміз анамның атына рәсімделген, алайда құжаты дұрыс емес. Үйдің бұрынғы иесін тауып, құжаттарды реттегіміз келеді. Содан соң газ өткізуге мүмкіндік болар еді. Әйтпесе балалы үйге отын тасып, ошаққа от жағу оңай шаруа емес, – деді ол.
Қоғамдық қабылдаудан кейін Ақжар ауылының әкімі Марат Жухин жедел әрекет етіп, үйдің бұрынғы иесімен хабарласты. Жақын арада үйдің құжаттарын толық рәсімдеуге, содан соң газ тартуға көмек көрсетуге уәде беріп отыр.
Ауыл тұрғыны Анар Оразалықызы қоғамдық қабылдауға жұмыс мәселесі бойынша жүгінді. Ол 2012 жылы мал дәрігері мамандығын игерген. Дегенмен бұл сала бойынша жұмыс істемепті. Ол қандай жұмысқа да ықыласпен кірісуге дайын, тек ауыл ішінде қызмет атқарғанды жөн көреді. Қоғамдық қабылдауда оған бірнеше жұмыс ұсынылды.
Сексенді алқымдаған Сәуле Исмагулова соғыста хабарсыз кеткен әкесінің құжаттарын іздеп тауып, әскери бөлімге тапсыруға келіпті. Ол әкесінің ерлігі ұмытылмай, ел жадында сақталғанын қалайды.
– Соғыста іс-түзсіз жоғалған әкемнің құжаттарын Подольск қаласындағы архивтен таптық. Ол кісі капитан болған, 1942 жылы мамыр айында қоршауда қалған екен. Барлық құжаты мен фотолары келді. Қоғамдық қабылдауға заң қызметкерлері келіп жатқанын естіп, құжаттарын әскери бөлімге тапсыруға келдім. Менің білуімше, соғыс жылдары қазақтан шыққан капитандардың саны саусақпен санарлық екен. Мүмкін құжаттар тарихшыларға қажет болар, – деді ол.
«AMANAT» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Азамат Жолданбаевтың айтуынша, биыл 1700 мобильдік қоғамдық қабылдау өткізіліп, екі мыңға жуық елдімекен қамтылған. Іс-шара барысында 13 мыңнан астам халықтан өтініш түссе, оның жартысынан астамы оңтайлы шешілді.
– Қоғамдық қабылдауларда азаматтардан түсетін өтініштер сан түрлі. Оның ішінде әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары салалары бойынша мәселелер жиі көтеріледі. Алдағы уақытта Ақтөбе облысы тұрғындарының да көтерген түйткілдерін зерделеп, оң шешілуіне күш саламыз. Біздің басты мақсатымыз да осы, партиялық жоба аясында халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешудің нақты әрі тиімді жолдарын қарастыру, – деді ол.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында жыл басынан бері шалғай елді-мекендерде 54 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді.